Әр сөзі – нәр

0
76

   Жетісу жерінен шыққан ақын Ілияс Жансүгіровтің поэзиясы қазақ әдебиетінің жау-һарлары іспетті. Оның «Құлагер», «Күйші», «Исатай-Махамбет» поэмалары – ғажайып туындылар. Ақынның шығармалары байтақ даланы құлпыртқан ақ жауындай халқымыздың жан сарайын нәрлендірді, әрлендірді десек артық айтқандық болмас. Өлеңдері оқыған жанның зердесіне бірден құйылады, ойын ұштап отырады және ұмытылмастай орнығып қалады. Ақынның алып тұлғасы алыстан менмұндалаған асқар таудай жылдар озған сайын айқындала түсетіні сөзсіз.
…Күре жолмен келе жатқан жолаушыға алыстан мұнартып көрінетін төбе үстіндегі белгітасты жолдың өзі-ақ жақындата түседі. Белгітасқа байыздап, бетінде бедерленген суретке көз салған, жазуын оқыған кез келген қазақ баласы тізе бүкпей, бір ауыз дұғасын оқымай кетпес сірә! Бұл – сан қырлы талант иесі І.Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойында қойылған ескерткіш.
1994 жылы ақынның ғасырлық мерейтойына орай Ойтоған ауы-лының тұрғындары мамырдың 14 күні дүбірлі той жасады. Тойда облыстық жазба ақындардың мү-шайрасы өтіп, қызыл тілден өрнек салған сөз сүлейлері ақынның ар-уағын бір аунатты. Ат шаптырып, балуан күрестіріп, бәйге тіккен сол тойда ақынға арнап ескерткіш қойылды. Ауыл тұрғындарының, сол кезде көзі тірі келіні Перману Бимағзұмова және Серпербай Әбішев, Қуантай Мырзабаев, тағы басқа да туыста-рының қалауымен ескерткіш Ілияс-тың атақоныс қыстауы – Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылының жанынан өтетін күре жолдың бойына орнатылды. Тастың жоғарғы жағына ақынның тұмақ киген суреті салынып, төменгі жағына атасы Берсүгірдің:
«Сен туғанда жасарды кәрі жасым,
Өсті өркенім теңіздей ықыласым.
Ай ма екен, жұлдыз ба екен, әлде күн бе?
Құз қабақ, жота мұрын Ілиясым» деген өлең жолдары ойылып жазылды. Себебі, Ілиясты атасы, осы Берсүгір тәрбиелеп өсірген.
Ол бала күнінен-ақ атасының ықпалымен қазақ ауыз әдебиетін, қисалар мен дастандарды жатқа айтатын болған. Жиын, тойда үлкендер оған қисаларды айтқызады екен. Шумақ-шумақ дастандарды бір сөзін қалдырмай, мәнерлеп таң асырып айта берннетін болғандықтан, ауылда «Бала ақын» деген ат алған.
Жас кезінде қиындықтарды көп көрсе де, білімге құштар Ілияс сауатын ауыл молдасанан ашқан. Кітапқа құмарлығы сондай, бірде оның осы қасиетін жақсы білетін ауылдағы бір пысық жігіт 1 сом ақшаға Абайдың өлеңдері басылған кітапты тауып беретінін айтады. Бала Ілияс сол 1 сом ақшаны жинау үшін күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырылады. Тиыннан құрап жүріп ақыры ақшаны жинап, кітапты алады. Кітап жұп-жұқа болса да ақынның жазба әдебиетке деген ынтызарлығын маздата түседі. Шабытын Абай өлеңдері қанаттандырғанын ақын шығармаларында да айтады.
1903-1914 жылдар аралығында алақандай Ойтоған ауылынан 6 адам ілгерінді-кейінді Қажыға барған. Солардың бірі Сымағұл қажы ауылда мешіт салдырған. Ел аузында сақталған әпсаналарда бала Ілиястың сол мешітте кітап-тарды ақтарып, ондағы дүниелерді көкейіне тоқып алып, ауылдастарына айтып беретіні туралы айтылады. Ол кейін Маманұлы Есенқұл қажы ашқан Мамания мектебінен оқыды. І.Жансүгіров, Біләл Сүлеев сол – мектептің алғашқы түлектері еді…
Ілияс – ілуде бір туатын дара талант иесі, Ақанның Құлагеріндей шашасына шаң жұқпаған дүлдүл ақын әрі жазушы. Оның «Бадырақ» атты романын айтпағанда, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістері туралы деректердің ізін қуып, тұтас Жетісу жерін аралап, құнды материалдар жинап, оны баспа беттерінде жариялап отырғанының өзі неге тұрады! Ақынның «Жетісу суреттері» атты өлеңін оқыған адам арқасын Ала-тауға тірей, аяғын ұшы-қиырсыз кең далаға, Балқашқа шірене созған осынау тіршілігі қайнап жатқан құт мекеннің келісті келбетін көретіні шындық. Онда өзіміздің Текелінің төрі былай суреттеледі:
…Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,
Құр жатпас Қора мұзбен жүгенделмей.
Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,
Шамқой шал қабақ жаба түнергендей.
Талақтай талаураған Баян-жүрек,
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей».
Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдейі тірелгендей…
Елубек ҚОЖАБЕКОВ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз