Бағдарламаға басымдық беріледі

0
265

  «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мақаласында Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруда баспанамен қамтудың маңыздылығына баса мән беріп: «Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет» деген болатын.
Сонда бекітілген «7-20-25» бағдарламасы «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде жаңа әлеуметтік жобалармен толықты. Елбасы тапсырмаларын іске асыру үшін бүгінде баспанамен қамту күн тәртібіне шықты. Осы аптада қаламызда баспана мәселесі бойынша тағыбір кеңес өтті
Әкімдіктің кіші мәжіліс залында қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың төрағалығымен өткен кеңеске Ұлттық банк пен Халық банк филиалдарының басшылары және «Алмата облысын дамыту бойынша «Алатау» АҚ өкілдері, сондай-ақ, құрылыспен айналысатын кәсіпкерлер, әкім орынбасарлары мен мекеме басшылары, әртүрлі саланың қызметкерлері қатысты.
Елбасы тапсырмасына сай әзірленген ел азаматтарын тұрғын үймен қамту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың мақсаты – ипотекалық негізде ұзақ мерзімді және жеңілдетілген несиелер арқылы азаматтардың баспана мәселесін оңтайлы шешу екенін еске салған қала әкімі осы мақсаттағы барлық тетіктерді іске қосудың қажеттілігіне ерекше назар аударды. Соған сай кеңеске арнайы шақырылған аталған банк өкілдері өздері ұсынып отырған қаржылық несиелердің көлемі мен оған қол жеткізудің жолдарын азаматтарға жан-жақты түсіндірді. Олардың айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаржысы азаматтарға тек банктер арқылы беріледі. Демек, кез келген қаржы ұйымы қайтарымды қарыздың сенімділігін бірінші кезекке қоя отырып, несиелендірудің жолдарын жасайды. Бұл он өлшеп бір кесілетін өте жауапты жұмыс. Сондықтан, банктердің шарттарына баспана алатын азаматтың барлық мүмкіндіктері сай келуі тиіс. Оған ешкім де өзгеріс енгізе алмайды. Дегенмен де, кез келген түйіннің шешімін табуға болады. Яғни, азаматтар банктердің шарттарын орындаудың мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Қазір жаңа әлеуметтік бағдарламалар іске асырала бастады. Соған сай елдің әл-ауқатын арттырудың әртүрлі жолдары қарастырылуда. Баспаналы болғысы келетін әр адам, ең алдымен, өзі ынталы болуы, айналасындағы және мемлекеттік бағдарламалардағы тиімді тетіктерді саралай білуі керек.
Кеңесте, сондай-ақ, өз қаржысымен жеке баспана салатын кәсіпкерлерді қолдаудың тетіктеріне де маңыз беріліп, қала әкімі осы бағытта жұмыстарға байланысты орынбасарларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз