Халық денсаулығын күшейту жолында

0
131

  Елбасы тапсырмасы бойынша қолға алынған жаңа әлеуметтік бағдарламалардың бағыттарын түсіндіру мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың Алматы облысына жұмыс сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сейсенбіде қаламызға келіп, қалалық аурухананың жұмысымен, материалдық-техникалық базасымен танысты.
Арнайы атбасын бұрған министрді қала әкімі Бахтияр Өнербаев қарсы алып, Елбасы Жолдауларынан бастау алған кешенді мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп, дамудың жаңа белесіне шыққан қаламыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен хабардар етті. Текеліге келерден бұрын облыстағы бірқатар медициналық нысандарда болған министр бірден қалалық ауруханаға бас сұқты. Ол алдымен тұтастай қайта жаңғыртылған қабылдау бөлмесінің жұмысына назар аударды. Аурухананың бас дәрігері Елена Целищева өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен заманауи дамудың талаптарына сәйкестендірілген қабылдау бөлмесінен бастап, емдеу үдерісінің барлық буындарымен егжей-тегжейлі таныстырды. Акушерлік-гинекологиялық бөлімшесінде жүкті әйелдерге және балаларға жеке-жеке бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ, емдеу мен денсаулықты қалпына келтіруге көмектесетін жаңаша үлгідегі құрылғылармен жабдықталған және озық технологиялардың тілін емдеу қызметкерлері еркін меңгерген. Материалдық-техникалық базаның барлық қажетті салаларын мұқият қарап, жауапты дәрігерлермен, кезекші медбикелермен емен-жарқын сөйлескен Е.Біртанов қалалық аурухананың жаңа туған нәрестелерге арналған қар-қынды терапия палатасының заманауи құрылғылармен жабдықталуы мен қызмет көрсету деңгейі нәрестелерге шұғыл көмек берудің бүгінгі стандарттарына сәйкес келетінін айтты. Министр, сонымен бірге, электрондық құжат айналымының барысына ден қойып, есептік нысандарды цифрлау және оларды автоматты есептілік форматқа ауыстырудың қажет-
тілігіне маңыз берді. Бұл қағазбастылықтан құтқарып, уақытты үнемдеп, білім мен біліктілікті емдеу ісіне бағыттауға септесетінін, сондай-ақ, бүгінгі ақпараттық технологияның өрісі шұғыл жағдайда кәсіби дәрігерлердің ақыл-кеңесін, тәжірибелерін алыстан пайдалануға мол мүмкіндік беретінін айтып, емдеу қызметкерлерін дамудың үдерісіне сай болуға шақырды.
Ауруханада ем алып жатқан науқастармен де жүздесіп, олардың жағдайын, көңіл-күйін сұрап-білген Е.Біртанов емдеу саласын үздіксіз дамыту, сапалы қызмет көрсету – Елбасы алға қойған қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеріп, ғұмыр жасын ұзартуды өзек еткен ізгі мақсат екенін айтып, халықтың денсаулығын күшейтуге бағытталатын мемлекеттік қолдаулардың арта түсетінін жеткізді.
Соңында министр реанимациялық бөлімшені қайта құрылымдау жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда ол ауыр науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін реанимациялық залдың жеткілікті көлемі 120 шаршы метрден кем болмауы керектігін еске салып, барлық тетіктердің талапқа сай болуын қадағалауды тапсырды.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз