Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ант берді

0
83

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда тарихи шешім қабылдап, президенттік өкілеттілігін тоқтататыны туралы Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Сондай-ақ, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВҚА сенім білдірді. 20 наурызда өткен Парламент палатасының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қ.ТОҚАЕВ елге адал қызмет істеуге ант берді.
Елбасы сұңғылалықпен шешім қабылдай отырып, мемлекеттің тағдырын
Қазақстан халқы жақсы білетін, сындардан өткен, тәжірибелі саясаткердің қолына тапсырды. Сондай-ақ, аса күрделі әлемдік жағдай тұсында биліктің жоғары қаттамындағы тарихи әрі ауқымды өзгерістерді Ата Заңға сәйкес өте байыппен өткеріп, алдағы қадамдарымызды нықтай түсті.
Жаңа Президент Елбасының барлық бастамаларын табандылықпен жалғастыратынын, заңды, халықтың мүд-десін бәрінен жоғары қойып, Елбасы меңзеген қазақстандық дамудың жолында бар қажыр-қайратын сарқа жұмсайтынын шегелеп айтты.
Салтанатты шарада Президент тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген барлық толағай жетістіктеріміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында мүмкін болғанын, жаңа Қазақстанның қалыптасып, дамуында Елбасының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін алға тартып, Астана қаласының атын Елбасының есімімен «Нұр-Сұлтан» деп атау және еліміздегі облыс орталықтары мен үлкен қалаларда көшелерге, нысандарға Елбасы есімін беру туралы шешім шығарып, бұл тұтас ел халқының Елбасының ерен еңбегіне деген биік құрметінің бір көрінісі екенін айтты.
Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен күннен бастап, Елбасы тапсырған елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша тапсырмаларын орындауға маңыз берді. Осы бағытта барлық жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыруға еліміздің экономикалық әлеуеті жететінін, бұған Елбасының көрегенділігімен құрылған Ұлттық қордағы қомақты қаржы мүмкіндік беретінін, тек елдің жағдайын, мемлекеттің мүддесін басшылыққа алып, нақты жоспар құрып, адалдықпен еңбек етудің қажеттілігін назарға алды.
Еліміз барлық ұлт өкілдері мен діни конвенциялар арасындағы үйлесім мен келісім және толеранттылықтың үлгісін көрсетіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда табанды ұстанымға ие. Бүгін-де бұл Қазақстан халқының ортақ құндылығына айналды. Елбасының бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі үйлесімді дамудың арқауы болып бекіді. Жыл сайынғы Жолдаулары мен мақалалары көптеген игі бағдарламаларға негіз болды. Ең бастысы, қысқа және ұзақ мерзімді даму стратегияларымыз айқындалған. Оларды іске асыру арқылы еліміздің эконо-микалық, әлеуметтік жағдайы біртіндеп өсіп келеді. Аумалы-төкпелі әлемдік ауқымға қарамастан, экономиканы қарқынды жаңғырту үдерісі жалғасын тауып, индустриялық қуатымыз нығайып келеді. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізілуде, экономиканы және қоғамның барлық саласын бүгінгі дамудың талабына сай цифрландыру ісі тереңдей түсуде. Оны сақтау және одан әрі дамыту біздің тұрақты өсіп өркендеуіміздің негізі болатынын айтқан Мемлекет басшысы осы үдерісті табандылықпен жалғастырудың қажеттілігін атап айтты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ, еліміз нарықтық дамудың жолын түбегейлі таңдады және халқымызды қоғамдық құрылымның осы жаңа жүйесіне бейімдеу ісіне маңыз берілді. Қазір мемлекет елдік экономиканың аса белсенді саласы болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетуде. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы барлық бастамалардың жалғасатынын және бизнесті дамытуға барынша күш салынатынын жеткізді.
Президенттің ұстанымы 27 наурызда өткен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдері қатысқан кеңесте де айқындала түсті. Ол әкімдерді кеңсеге қамалмай, елмен етене жұмыс жасауға, елді мекендерді аралап, халықтың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді дер кезінде шешуге, бюджеттің әрбір тиынын елдің қажетіне жаратуға, әлеуметтік әлсіз топтарды белсенді қолдай отырып, халықтың еңбекке деген қызығушылығын жоғарылатуға күш салуға шақырып, нақты міндеттер жүктеді. Әсіресе, көп-балалы аналар мен мұқтаж жандарды баспанамен қамту ісіне, елді мекендерді таза ауыз сумен қамту ісін 2020 жылы толықтай аяқтауға тапсырма берді.
akorda.kz

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз