Елдік салтымыз салтанат құрған Ұлыс күні

0
85

  Күннің жүзін маужыратып, көктемнің лебін естіре келетін әз Наурыз табиғат дүниесіне кең тыныс, кербез келбет сыйласа, адам баласын ізгі мақсаттарға жетелейді. Әсіресе, Ұлы Дала төсін бөлінбес еншісі етіп, біте-қайнасып жатқан халқымыздың тіршілігінде оның орны тіпті бөлек. Сондықтан да табиғатпен бірге жаңарудың жаршысындай болған әз Наурыз мейрамын халқымыз ерекше ілтипатпен, көтеріңкі көңіл күймен тойлайды.
Алатау баурайында таумен таласа өріс алып, өсіп-өркендеп келе жатқан шағын қаламыздың тұрғындары да Наурыз тойын салтанатты түрде өткізді. Көп-
шілік алдымен Қора өзені-нің бойындағы қайнардың көзін аршып, Тәуелсіздік алаңының сол қапталына қарағай көшетін екті. Ақ сақалды аталарымыз бата беріп, елімізге береке, жерімізге ырыс тіледі.
Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты жиында барша текеліліктерді, қала қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған қала әкімі Бахтияр Өнербаев: «Ежелден ырыс пен құт-берекенің, мейірім мен молшылықтың бастауына айналған осынау күн – жаймашуақ ізгілікке бөленетін, достық пен бей-бітшілік мерекесі. Бұл күні ұлттық болмысымыз дараланып, ерекше сән-салтанатқа ие болады. Күллі табиғат түрленіп, бусанған Жер Ана ырыздығын, ақ пейілі мен мейірімін төгеді. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан халқымыз да бұл мерекеге ерекше көңіл бөліп: «Наурыз – жаңару мен жасам-паздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы», – деп бағалайды. Бүгін, міне, Текелі жұртшылығы бір кісідей алаңға шығып, халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісіне, биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің өзегіне айналған Наурыз мерекесін тойлауда» – деп, берекеміздің артып, достығымыздың нығая түсуіне, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің түлеп-түрлене беруіне деген ізгі тілегін жеткізді. Қала әкімі, әсіресе, Елбасы Н.Назарбаевтың сұңғыла шешіміне баса маңыз беріп, Тұңғыш Президенттің Қазақ елі үшін қосқан ұшан-теңіз еңбегі тарихымыздың алтын беттері болып мәңгі сақталатынын, Елбасы сенім білдірген Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінге дейін қолымыз жеткен жетістіктерімізді, халықтық қазынаға айналған құнды-лықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, елімізді Елбасы меңзеген жолмен алға бастай беретінін жеткізді. Мемлекет басшысының Астананың атын «Нұр-Сұлтан» деп атау туралы ұсынысының тарихи таңдау екенін, себебі, ел тұрғындары да, айналамыздағы алыс-жақын шетелдіктер де жас Қазақстанды Елбасымен, жаңа Астанамен бірге, бөлінбес біртұтас ұғым ретінде қалыптастырғанын, бұл халқымыздың Елбасының ерен еңбегіне деген биік құрметінің тағы бір жарқын көрінісі екенін ерекше атап, көпшілікті Ұлт көшбасшысының сали-қалы саясатын жүзеге асыруға үлес қосып, арт-қан сенімін ақтау үшін, бірлікпен ершімді еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында өткен ауыр атлетикадан әлемдік жарыста алтын медаль таққан О.Пастухова мен оның жаттықтырушысы А.Клиновитскийге ақшалай сыйлық сертификатын табыстады.
Сахна төрінде күн мен түннің көктемгі теңелуі, құтты қонақ Қыдыр атаның дәл осы кезде ел аралап, халықтың ізгі ниеті мен кең пейіліне мол несібе беретіні, бүр жарған ағашқа, төлдеген төрт түлік малға, ұя басқан құсқа, мына жарық әлемге жаңа өмір әкелген анаға деген халқымыздың мол қамқорлығы мен мейірімі әспеттеліп, Нау-рыз мейрамының мән-маңызы айшықталды. Қала өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, көпшіліктің мерекелік көңілін өсіре түсті. Айта кетерлігі, белгілі актер, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райым-
беков биыл да Наурыз мейрамын текеліліктермен бірге тойлап, көптің ыстық ықыласына бөленді. Тәуелсіздік алаңына тұспа-тұс жатқан Гагарин көшесінде тігілген ақшаңқан киіз үйлерде кең-мол дастарқан жайылды. Ұлттық киімдерді киген өнерлі қыз, жігіттеріміз халықтық әндерді шырқап, би биледі, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеді. Дастарқан басында ақ сақалды аталарымыз бата беріп, көпшілік наурыз көжеден дәм татты. Жастар Абылай хан көшесінде ұлттық ойындардың, спорттық жарыстардың көрігін қыздырды. Алтыбақан басын думанға бөлеген қыз, жігіттер көктемгі гүлдей құлпырған жастық шақтың ибалылықпен жарасым тапқан келбетін паш етті. Мерекелік ойындар орталық саябақта да жалғасын тапты.
Киіз үйлермен бірге Ғарышкерлер көшесінде қаз-қатар сап түзеген шатырларда да мерекелік ас – Наурыз көже таратылды. Бауырсақ, тәтті-дәмділер салынған қалталар той-дың сарқыты ретінде үлестірілді.
Қыс қыспағын артта қал-дырып, жадыраған күнмен көңілдері жарқырай түскен қала халқы биылғы жаңа жылдың елімізге ырысты, мол несібелі болуын тілесті. Елбасының Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мемлекетіміздің болашағын айқындап, заңды негіз еткен демократиялық қоғам құру жолындағы қадамымызды нықтай түскен сұңғыла шешіміне, Мемлекет басшысының жаңа бастамаларына зор сенім білдірді.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз