Әуелеген қоңыр әуен

0
259

  Қоңыр үнімен жүректердің төрінен ойып орын алған халқымыздың сүйікті әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев Наурыз мерекесі қарсаңында Текеліге арнайы концерттік бағдарламамен келіп, қала тұрғындарына тамаша тарту жасады.


Концертке жиналған халықтың қарасы қалың. Көгілдір экраннан көріп, көңілденіп отыратын ән-сүйер қауым үшін әншісін сахнадан тамашалаудың орны тіпті бөлек. Н.Өнербаев сахна төріне көтерілгенде көпшілік орындарынан тұрып, ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті. Әнші мен халықтың арасын жақын-дата түскен осынау риясыз ізгі құрметтің тамыры тереңде.
Олай дейтініміз, талантты әншілеріміз асыл анаға, қамқор әкеге, ыстық пен суықта бірге болатын туысқа, көңілі көлдей көршіге, әсіресе, туған жер мен өскен елге, Отанға деген терең сүйіспеншілікті, перзенттік жауапкершілікті әдемі ән әуенмен жүректерге құйып, жанын жылытып, көңіл көзін аша білген. Халықтың рухын серпілтіп, болашаққа деген сенімін бекемдеген, бірлікке, берекеге ұйытқы болған. Солардың бірі – Н.Өнербаев.
Әншінің репертуарындағы әндерін тыңдаған кез келген қазақ баласының мерейі өсіп, бойында құдіретті бір күштің тас-қындай жөнелетіні жасырын емес. Сахнада тұрып тыңдарманының жүрек қалауын көзінен танитын әнші көптің көңілін дөп басып, санаға жатталып қалған әдемі әндерді бірінен соң бірін, сол баяғы бабымен мамырлата шырқады. Жаңа әндерімен де сусындатып, мерейді қандырды. Әнші әрбір әнін айтар алдында әннің тақырыбын тарқатып, ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан қазақы болмысымызды сақтаудың көкейкестілігіне маңыз берді. Елбасы меңзеген
рухани жаңғыру үдерісі, түптеп келгенде, ұлтымызды сақтап қалудың қамы екенін алға тартып, ананы, әкені құрметтеу, отбасының бүтіндігін сақтау, балаларды білімді, ұлтжанды етіп тәрбиелеу жолындағы ұлтымыздың ұлағатты болмысын әнмен әрлей жеткізді. Көктемдей көркем жастық шақты, жалынды жігерді жырлап, биылғы жастар жылының ел жастарына жүктейтін жауапкершілігін сезіндірді.
Осы орайда әншінің қос қанатындай болған өнерлі ұлдары Мақсат пен Марғұлан бірі ән шырқап, бірі пианинода ойнап, жастық шақтың шексіз мүмкіндігін паш етті. Марғұлан өзінің жақында құрған «Smart Trio» тобымен өнер көрсетті.
Қалың қауым Өнербаевтар әулетінің өнерге деген құрметі мен талантына тәнті болып, ризашылықтарын жеткізді.
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев әншіге филиал атынан Алғыс хат табыстады. Республикалық «Кәсіпкер» журналы редакция алқасының төрайымы Г.Сүлейменова, қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Б.Ықыласова, кәсіпкер Е.Дүйсебаев, Мәдениет үйінің директоры К.Нестеров ізгі тілектерін айтты. ҚР Композиторлар Одағының мүшесі М.Керейбаев «Толқиды Ақсу» атты кітабын, сондай-ақ, ақын К.Салықбековтің «Текелі» атты өлеңіне жазылған әнін елден тәбәрік ретінде тарту етті.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз