Алтынды қыз – Ольга

0
655

  18 наурызда Мәдениет үйінің алаңында қала әкімі Бахтияр Өнербаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Ольга Пастухованы, оның жаттықтырушысы Алексей Клиновитскийді өрелі жетістігімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Қала тұрғындары көк Туымызды желбіретіп, абыройымызды асқақтатқан алтынды қыздың шашбауын көтеріп, құрмет білдірді.
Невада штатында өткен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлемдік чемпионаттан Қазақстан командасы 5 алтын медальді иеленді. Оның үшеуі жетісулық спортшылардың еншісінде.
Атап айтқанда, облыстық дарынды балаларға арналған спорт интернатынан Сайрамкез Ақмолда 61 келі салмақта жұлқа көтеру мен серпе көтеру сынды қоссайыс қорытындысы бойынша 257 келіні бағындырып, алтынды тұғырдан көрінсе, 67 келі салмақта үштөбелік Сайхан Тайсуев қоссайыс қорытындысында 288 келімен әлем рекордын жаңартты. Ал, 81 келі салмақта біздің Ольга жұлқа көтеруде 92 келіні, серпе көтеруде 123 келіні еркін еңсеріп, қоссайыс қорытындысында 215 келімен қарсыластарын жолда қалдырды.
Еске сала кетсек, Ольга ауыр атлетика-дағы жолын 2014 жылы байқампаз бапкер А.Клиновитскийдің жетекшілігімен қаламыздағы олимипиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде бастады. Сол жылы ҚР спорт шеберлігіне үміткер атанып, бойындағы бұлқынған күштің екпінін байқатқан еді. Міне, соның жемісін бүгін көрсетті.
Тағы 2 зілтемірші – 96 келі салмақта Рахат Бекболат 323 келіні бағындырса, Сәпи Есенкелді қарсыласынан 21 келі артық көтеріп, алтын медальді абыроймен алды.
Демек, жас зілтеміршілеріміздің кілең алтынды жеңісі биылғы жастар жылына, сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне тартқан татымды тартуы болды.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз