Ұлтқа ұлағат, тарихқа тағылым!

0
229

 Тамырсыз ағаш болмайтыны секілді, тарихсыз ұлт болмайды және ұлттық тарихтың белгілі бір кезеңдерінде сол ұлтқа тән болған тың тапқырлықтар тұтас бір халықтың, тіпті адамзаттық мәдениеттің дамуына түрткі болып жатады. Қазақ халқының тарихы – сондай жасампаздықтарды жаратқан және оны әлемдік өркениетке ұштастырған тарих. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлтымыздың осынау ұлы болмысын байыптылықпен пайымған құнды құжат. Мақала халқымыздың рухын серпілтіп, сенімін еселеді.
Елбасы мақаласында жасампаз тарихымыздың қалың қатпарларына терең үңіліп, ұлттық мұрамыздың мол екеніне баса мән берген. Уақыт тұрғысынан айтылып отырған осынау мәдени жетістіктеріміз Ұлы Дала елінде пайда болды және олар қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына әсерін тигізген десек қателеспейміз, яғни, қа-зақ тарихының бүкіләлемдік тарихта ойып алатын өзіндік орны бар деп мақтанышпен айта аламыз. Елбасы мақаласында бізге осыны меңзеп, қазақ халқының тарихындағы сонау сақ-ғұн заманынан бері қалыптасқан өркениет жетістіктері арқылы ұлттық рухымызды көтеретін пайымдарымен бөліскен.
Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті қазақ елінің рухани байлығының белгісі – «Аң стилі өнері», жер бетін тамсандырған дала өркениетінің жәдігері – «Алтын адам», Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақстан – алма мен қызғалдақтар отаны, міне, осындай ұлы жетістіктеріміз еліміздің аумағында орын алған тарихи жәйт, сонымен бірге, әрбір қазақ үшін аса қымбат құндылықтар болып табылады. Мұның бәрінің тасқа батқан таңбадай тарихымызға хатталып, ұрпақтар санасына жатталып қалуы үшін, әрине, өткенімізді байыптап, барымызды бағалай білуіміз керек-ақ.
Мақалада Елбасы маңыз берген «Архив-2025» бағдарламасы осы бағыттағы жұмыстардың негізін ширата түседі. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында отандық архив қызметін кемелдендіру және шетелдік архивтермен өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, мамандардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы қажетті қадам. Жинақталған мәліметтерді тек сақтаумен ғана емес, сонымен қатар, халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оларды электронды-цифрлық форматқа көшіру дамудың талабы болып табылады.
Елбасы біздің жерімізде пайда болған мәдени жетістіктер Ұлы Дала мәдениетінің әлемдік өркениеттегі орнын анықтауға мүмкіндік беретінін айтып, тұтас мақаланың ой өрнегі жеке-дара емес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екендігіне баса назар аударады. Яғни, ұлттық болмысымыздың қалыптасып, даму барысын, бір сөзбен айтқанда, төл тарихымызды жетік меңгеру және қадірлей білу – еліміздің болашағының мызғымас кепілі екенін санаға салып, ойға орнықтырады.
Қорыта келгенде, біздің жеріміз – материалдық мәдениеттің көптеген түрлерінің пайда болған орны, бастау бұлағы. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар және бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар кезінде біздің өлкемізде, ата-бабаларымыздың ақыл-парасатымен ойлап табылған. Бұлар жер бетінің әр түпкірінде осы күнге дейін қолданысқа ие болып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді. Бұл – біздің негізіміз.
Б.НҮСІПОВА, «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Текелі филиалының директоры

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз