Әйел – әлемнің анасы

0
58

  8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай қалалық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, қоғамдық өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандылар сый-құрметке бөленді.
Аналарды, аруларды мерекемен құттықтаған қала әкімі Бахтияр Өнербаев: «Әйел адам – ең әуелі ардақты ана, отбасы тірегі, ел бірлігінің, ынтымағының ұйытқысы. Жастар – біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жас ұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық пен адамгершілік сынды асыл қасиеттерді дарытатын тұлғалар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтімен таралады. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес» деген дана сөздері үнемі жадымызда. «Әйел – әлемнің анасы» дейді. Бүгінгі қоғамдағы қайраткер аналарымыздың, замандастарымыздың егемен еліміздің еңсесін биіктетіп, абыройын асқақтатудағы еңбектері зор. Әйелдер қауымы билік пен бизнесте, ғылым мен мәдениетте, әлеуметтік салада да ерекше қабілеттерімен танылуда. Қаламызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Бүгінде Текеліде 12 «Батыр ана», 13 І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденінің, 111 «Алтын алқа», 199 «Күміс алқа» иегері, 251 көпбалалы ана бар»,– деп, аналардың қоғамды дамытумен бірге, отбасын сақтап, ұрпақ өсіруші, ұлтты, дәстүрді жалғастырушы алтын арна екендігіне баса маңыз берді және аналарға, аруларға зор денсаулық, махаббат, баянды бақыт тіледі. Мереке орайымен, әр салада еселі еңбек етіп, белсенділігімен көзге түскен озаттарды – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен Айгүл Құрманова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғысымен Әсел Тарыбаева, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының Алғыс хатымен Бақыт Ықыласова, қала әкімінің Құрмет грамотасымен Наталья Волосникова, Людмила Хан, Ильмира Байменова, Жәния Жұмабаева, Гүлмерам Әмекова, Фарида Әділбекова, Анжелика Ругина, Марина Руденко, Ислана Рашидова, Айгерім Раимқұлова, Айшагүл Сандыбаева, қала әкімінің Алғыс хатымен Айман Акажанова, Ақмарал Нұрманова, Айгерім Мырзабергенова, Татьяна Кульбеда және Людмила Макаренконы марапаттады. Қала әкімі, сондай-ақ, ақ иық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Мен сені ұнатамын» өлеңіне жазылған Табыл Досымовтың әнін гитарамен орындап, мерекелік кешке әдемі тарту жасады.
Нәзік жандыларды айтулы күнмен құттықтаған қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский аналарға, ару қыздарға деген жүрекжарды тілегін өлең өрнектерімен жеткізді.
Әсем гүлге орана, құстардың құйқылжыған сазы үніне тербетіле келетен көктемнің бар болмысын айшықтаған сахна төрінде қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары және «Шырайлым» би тобы, сондай-ақ, әуесқой әншілер Аймира Жұбанова, Алау Жігерхан, Мардана Жұмакелді, Даниял Жылқыбаев, Айгерім Қожағазина, Ләззат Күнайқызы, Гүлжазира Орденбек, дуэт Жайлыбай Райымбеков пен Тойлыбек Өсерхан, Диана Рамазанова мен Жансезім Асланқызы, балалар квинтеті аналарға, қыздарға арналған әндерді шырқап, би билеп, мерекенің шырайына сән қосты.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз