Аяулы асыл жандар

0
61

Аналар, ару қыздар, асыл жандар,
Арман құсын қияннан асырғандар.
Жанына жақұт жинап адамзаттың,
Жан сырын жүрегінде жасырғандар.

Өмірдің өзім көрген гүлісіңдер,
Әдемі әуенімнің үнісіңдер.
Жаның нәзік, жолың тар болса-дағы,
Барша жанның нұр сыйлар күнісіңдер.

Ар-намыстың шар айнасы мөлдіреген,
Жігерімнің туысың желбіреген.
Өзіңсің берекенің ұйытқысы,
Нәр берер тіршілікке селдіреген.

Белгілі бұл жалғанға сыймайтыным,
Анашым, ардағымсың сыйлайтұғын.
Көзіме көрінетін жаратушым,
Қадірлі Аллаға да қимайтыным.

Белгілі мәңгі өмір сүрмейтінім,
Белгілі, тағдыр, жолды күрмейтінің.
Жан жарым, жүрегімнің қақ жартысы,
Анық қой сенсіз күліп жүрмейтінім.

Өркені өзегімнің жаным, қызым,
Бөтенмен жарасса да дәм мен тұзың.
Құдаммен құдайымдай сен арқылы,
Жалғасқан мың жылдарға сыйластығым.

Жалғасын әулетімнің жалғастырған,
Бір дәуірді бірімен алмастырған.
Жеңгейлер мен келіндер кең өрісім,
Алды-артымның мұратын парластырған.

Аналар, қыз, келінім – жыр-дастаным,
Жеңешем, балдыздарым – сырластарым.
Құттықтап көктеміңмен мерекелі,
Өрілген өлеңіммен үн қосқаным.

Нұр ойнап жүздеріңнен бақ таймасын,
Көңілдерің көлдей шалқып гүл жайнасын.
Мейірім, махаббаттың бұлағындай,
Аяулы ақ жүректер қармаймасын!

Бүркітбай Файзолла

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз