Бірыңғай жиынтық төлемнің абзалдығы

0
157

   Мекеме, кәсіпорындарда тұрақты жұмыс істемейтін, бірақ, өз бетімен табыс табатын, зейнетақы және медициналық сақтандыру қорларына ақша аудармайтын азаматтарды өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар дейді. Олардың қатарында алдында азын-аулақ малы барлар, әр жерде жалдамалы жұмыс істейтіндер, такси жүргізушілері, бала қараушылар, т.б. бар. Биыл 1 қаңтардан бастап оларға бірыңғай жиынтық төлем жасап, мемлекеттен көмек алуға мүмкіндік туды.
Азаматтарды осы ақпараттан хабардар ету мақсатында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақтолқын Ысқақова мен жұмыспен қамту орталығының директоры Кәмшат Жантекеева қаламызға қарасты Рудничный ауылының тұрғындарымен кездесіп, жоғарыда аталған бірыңғай жиынтық төлемнің барысымен таныстырды. Баршаға белгілі, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында алға қойылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бүгінде кезең-кезеңімен іске асырылып, ел азаматтарының медициналық көмек алу мүмкіндігін арттыру мен емдеу қызметінің сапасын жақсартуға күш салынуда. Биыл іске асырылып отырған бірыңғай жиынтық төлем жүйесі өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азаматтарға әлеуметтік қорғаудың барлық мүмкіндіктерінен игіліктенуіне жағдай жасайды.
Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысып, медициналық көмектерді жеңілдікпен алуға мүмкіндігі артады. Зейнетақы жүйесіне қосылып, базалық зейнетақыға қол жеткізеді. Сондай-ақ, еңбекке жарамсыздығына, жұмысынан, асыраушысынан айырылуына, жүктілігі мен бала тууына, баланы 1 жасқа дейін күтуіне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндігі болады.
Бірыңғай жиынтық төлем төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: жеке табыс салығы – 10%, БЗЖҚ-дағы өз шотына аударатын жарна – 30%, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына – 20% және МӘМС қорына – 40%. Бұл 1 айлық есептік көрсеткіш деп белгіленген. Оның мөлшері қала тұрғындары үшін 2525 теңге, ал ауыл тұрғындары үшін 1265,5 теңге. Аударымды жеке куәліктің көшірмесімен әр айдың соңғы күніне дейін жер-жердегі «Қазпошта» АҚ терминалдары, сондай-ақ, екінші дейгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.
Осы жайында егжей-тегжейлі түсіндірген сала басшылары тұрғындардың қойған сұрақ-тарына да жауап берді, сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы, МӘМС, бірыңғай жиынтық төлем туралы ақпарат парақшаларын үлестірді.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз