Жетістік баспалдағы – тәртіп 

0
572

 Қалалық №8 орта мектебінде қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлының төрағалығымен жасөспірімдер арасында құқық-бұзушылықтардың алдын алу, жас ұрпақтың бойына заң-ережелерге, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарайтын азаматтық ұстанымды қалыптастыру мақсатында қалалық семинар өтті.
Жиынға заң органдарының өкілдері, мектеп психологтары, сынып жетекшілері мен оқушылар қатысты.
Алдымен сөз алған С.Болысбайұлы «Жастар жылының» басталуына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру негізгі міндет саналады. Әсіресе, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дарытудың маңызы зор. Кез келген адам жасы ұлғайған шағында жастар тарапынан жанашырлық пен қамқорлық күтетінін ұмытпаған жөн» деген сөзін тілге тиек етіп, өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді сіңірудің көкейкестілігіне маңыз берді. Биылғы «Жастар жылының» ел жастарына беретін мол мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.
Баршаға белгілі, әр жылғы халыққа Жолдаулары мен бағдарламалық мақалаларында Елбасы жастар мәселесіне арнайы тоқталып, үкіметке нақты тапсырмалар жүктейді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында биыл ЖОО-ға түсу үшін түлектерге қосымша 20 мың грант бөлінді. 2022 жылға дейін еліміз бойынша 70 мың орынға дейін сутденттік жатақхана салынады. «Бизнес-2020» жол картасы бойынша жас кәсіпкерлерге арналған гранттарға бөлінетін қаржы 2 есеге, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына қатысатын жас мамандарға берілетін бір реттік жәрдемақы 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке ұлғайды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы дарынды жастардың дамыған мемлекеттердің белді жоғары оқу орындарында тегін білім алуына жағдай жасалуда. Міне, осындай көп игіліктердің бәрі өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін жасалуда. Демек, балалар мектепте жақсы оқып, бойына ізгі қасиеттерді сіңіре білсе, тәртіпті, тәрбиелі болса, есейгенде асыл армандарына, биік мақсаттарына сөзсіз қол жеткізе алады. Бұған елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Семинарда осы түйінге маңыз беріліп, заң органдарының өкілдері кәмелетке толмағандар тарапынан болатын құқықбұзушылықтардың балалардың қалыптасуы және болашақ дамуына жасайтын кері әсерін нақты мысалдармен түсіндірді. Әсіресе, интернет және әлеуметтік желілерде ақ-қарасы, шын-жалғаны анықталмаған ақпараттар мен бейне жазбалардың балалар санасына жасайтын жағымсыз әсері жайында баяндап, бос уақытта телефонға телмірмей салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы мәдени, әдеби, спорттық шараларға қатысуға шақырды.
Семинарда, сондай-ақ, мектеп психологтары, педагог-ұйымдастырушылар және сынып жетекшілер әртүрлі тақырыптағы театрландырылған қойылымдар, коуч-сессия, бейнеролик, флешмобтар арқылы бала жан-дүниесіне жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренетін, өзін ырықты сезіне отырып, алдына ізгі мақсат-мұраттар қоя білетін және соның жолында өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана алатын өміршең ұстаным қалыптастырудың жолдарын көрсетті.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз