ТЕКЕЛІ

0
416

Жер бетінде жылдар жылжып мыңдаған,
Жарығымен нұрландырды Күн-ғалам.
Балдырғанды шомылдырып шуаққа,
Бал бұлағы таудан құлап, тынбаған.

Сулы, нулы жұмақ мекен жердегі,
Ақ бас таулар, бұйрат-бұйрат белдері.
Бар ғажапты еншілеген Текелі
Жетісуға жарасқан бір мең бе еді?

Өзен-суы сөз жетпейтін сұлу-ақ,
Балбырайтын бар тіршілік жылу ап.
Қора, Шажа, Текелінің толқыны
Бірде тулап, сабырсиды бір уақ.

Тамылжыған таң нұрына тау ғашық,
Өзендердің өрнегінде бар нәсіп.
Текеліде табысты бұл үш өзен
Күміс жалды Қараталға жалғасып.

Үш шатқалым, үш өзенім, үш арнам
Қасиетті, қанат қаққан үш арман.
Қоныс тепкен мұнда дархан халқым да
Атамекен киесінен күш алған.

Жоңғар шапса, туған жердің тау-құзы,
Ескелдінің сан қолымен жаңғырды.
Қорғап мына өзен-суын, тау-тасын,
Аманаттап ұрпағына қалдырды.

Көк аспан мен қара жердің арасы,
Құт дарыған Қараталдың жағасы.
Текеліні бесігінде тербетті,
Жерұйық боп өлшенбейтін бағасы.

Қажет болды орнағанда ауыр күн,
Мырышы мен қорғасыны тауымның.
Текеліде құйылған оқ сол кезде
Қабырғасын қақыратты жауымның.

Берекені өндірісім еселер,
Бой түзеді үйлер небір, көшелер.
Тату-тәтті, құрыш қайрат халқы бар
Туған қалам, өркен жайып, өсе бер!

Ән мен жырға өзек болған мекенім,
Көпке мәлім бал шырынды екенің.
Тылсымдарға тәтті арманым жетелеп,
Саған да мен сыр шертемін, Текелім.
Саған да мен сыр шертемін, Текелім.

Торғын Тұрлыбаева

 

 

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз