Өнегелі әулет – өрелі ұрпақ

0
602

  Ел тұтқасы – үлгілі отбасы. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев өз сөзінде «ХХІ ғасырдың ортасында отбасыларының басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүретін ел ғана ең дамыған мемлекет қатарында болады» деген еді. Үлгілі отбасылар өзгелерге үлгі көрсетіп, қазақы болмысты дәріптеп, қоғамға пайдасын тигізуде. Осындай өнегелі отбасылардың бірі – ел сыйлайтын Күмісбаевтар шаңырағы. Отағасы Құдайберген аға мен Райхан апайдың отау құрғандарына биыл 60 жыл толады.
Еңбек ардагері, тыл еңбеккері Құдайберген Күмісбаев 1937 жылы Алматы облысының Көксу ауданында дүниеге келген. 1953 жылы мектепті тәмамдап, Шымкент тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтаған соң Текелі қаласына жолдамамен жұмысқа жіберіледі. Алғашқы еңбек жолын Текелі қорғасын-мырыш комбинатында слесарь болып бастаған бойында қажыр-қайраты мол, жігерлі жас тау-кен шебері, учаске бастығының орынбасары қызметтеріне дейін көтеріледі, осылайша 42 жыл, оның ішінде шахтада 35 жыл табан аудармай жұмыс істеді. Еңбегін бағалаған мадақтамалары да бір төбе. Атап айтсақ, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін Кәсіподақтардың Талдықорған облыстық кеңесінің және комбинат директоры Е.Шкуратовтың Құрмет грамотасымен марапатталған әрі «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағының иегері. Құдайберген аға – ағайын-туысқа қамқор, кішілігі кісі-лігіне ұласқан жанашыр аға, бауыр. Жұбайының арқа сүйер азаматы, балаларының асқар тау әкесі. Осындай арда азаматтың басына қонған бақ
құсы – Райхан апай. Қазақта «Ерін сыйлаған әйел жерде қалмайды» деп бекер айтылмаса керек. Құдай қосқан қосағын құрметтеп, перзенттеріне әкесін сыйлауды үйретіп, шаңырағының ұйытқысы болып отырған Райхан апай көркіне ақылы сай, байсалды жан. Жолдасымен бірге иық тірестіре жүріп етене еңбектенген ол еңбек жолын халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін Текелі фабрикасында тігінші болып бастады. Жаны сүйетін, өзі жетік білетін кәсібін өрге жүргізе білген білікті маман фабриканың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны әрі жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін директоры Д.Югайдың, қалалық кеңестің атқарушы комитетінің төрағасы Т.Абдрешовтің, фабрикалық-зауыттық және жергілікті комитет төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталған, КСРО жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен «Еңбек үздігі» төсбелгісі мен «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағының иегері.
Киелі мекен Текелінің баурайындағы Бақтыбай көшесін мекендеген Күмісбаевтар отбасы көршілес ақсақалдармен араласып тұрады, көршілері де олар туралы оң пікірде. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келген аяулы ата-ана көзге көрінген 3 баласын тәрбиелеп, олардан 8 немере мен 14 шөбере сүйіп отырған ардақты да бақытты ата мен әже.
Нұржан МАХАББАТҚЫЗЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз