«ЖАРЫҚ КҮННЕН» БІР СӘУЛЕ

0
248

   Жақында қазақтың ақын қызы Торғын Кәрібайқызы Тұрлыбаеваның бір топ өлеңдерін қамтыған «Жарық күн» атты алғашқы кітабының тұсауы Алматыдағы Ж.Жабаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында кесіліп, ақынның жастық жалынымен алаулаған өршіл өлең шумақтары қалың оқырманға жол тартқан еді.


«Атырау-Алтай арасы» кітапханалық әдеби жобасы аясында өткен жаңа кітаптың тұсаукесер салтанатына ҚР Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Заида Елғондинова, ақын Алмат Исаділ, ҚР Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры, ақын Ерлан Жүніс, сондай-ақ, жас қаламгерлер мен өнерсүйер қауым қатысып, ақынның шығармашылық қадамына ақжол-тай тілектерін арнаған болатын.
Сол игі шараның жалғасы ретінде қала мектептерінің қара шаңырағы №5 орта мектебінде ұйымдастырылған кездесуде халқымыздың сөз өнерін өр, ақынын ардақ тұтатын қасиеті алға шығып, мектеп оқушылары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері ақын өлеңдерін жарыса оқыды. Үлкендер ақ баталарын беріп, ақынның қаламына шалқар шабыт тіледі. Т.Кәрібайқызының жас болса да қаламыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жаршысы іспетті қалалық «Текелі тынысы» газетін кәсіби тұрғыда басқарып, басылымның сапасын жақсы деңгейге көтере білген біліктілігіне, өмір иірімдерін санамен саралап, ой-өрісін өлеңмен өрген ақындық дарынына, сондай-ақ, халқымыздың сөз өнерін қастер тұтып, ана тілімізге деген құрметін шынайы болмысымен байқатып жүрген белсенділігіне дән ризашылықтарын білдірген аға буын қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, әсіресе, оның үлкенді сыйлап, кішіні аялай білетін қазақы тәрбиесін, асып-таспайтын, мойымайтын, қашанда ашық күндей жарқылдап, көңілді жүретін мінезін, кішіпейілділігімен әдемі жарасым тапқан талантын тілге тиек етіп, осынау тамаша болмысымен үндесе өрнектелген өлеңдеріне байыпты бағаларын берді.
Кітап бетін ашқан адам ақынның сырлы да нұрлы қиыр-сыз кең әлеміне қанат қаға жөнелгенін сезбей де қалады. Жастық жалын, Отанға, елге деген махаббат, еркіндік, ұлттық болмыс, салт-сана, перзенттік жауапкершілік, достық, туыстық мейірім, қыз әлемі, міне, осылай жалғаса беретін жанды өлең өрнектері дарияға құлай аққан тарам-тарам мөлдір тау бұлақтарын көз алдыңа әкелген-дей, жаның әдеміліктен сергіп сала береді. Айта кетерлігі, ақын өлеңдері ойыңды өрге тартып, жігеріңді жанып отырады.
Жақсы сөз – жан азығы емес пе! Оқушылар мен ұстаздар, бірде «Жарық күннің» жарқын беттерін парақтап, зал толы көпшілікті сөз құдіретімен еліктірсе, бірде сұрақтарын қойып, жас ақынның өміріне, ізденіске толы тынымсыз тіршілігіне, ой өзегіне үңілді.
Солтүстіктің құнарлы топыра-ғынан өмірлік нәр алып, Алатау баурайынан түлеген Т.Кәрібайқызы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магис-тратурасын қызылға бітірген. Мамандығы – журналист. Оның кәсібіне деген адалдығы мен еңбекқорлығы, жауапкершілігі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Қашанда басқаларды алдыға шығарып, жақсы қасиеттерін жарқырата түсуге ынтызар болып тұратын көпшіл мінезін білетін былайғы жұрт көп байқала бермеген ақындық шабытына тәнті болып, сүйініштерін білдіріп жатты.
«Жемісі мол ағаштың иіліп, діңін көрсетпей тұратыны секілді Т.Кәрібайқызы өмірде жақсы жар, аяулы ана, жақсы келін, жақсы көрші де! Бір бойынан осынау ізгі қасиеттердің бәрі табылатын жанның ақын болмауы мүмкін емес!» – деп көптің көкейіндегі сөзді айтқан зейнеткер ұстаз Мәкен Нұрбайқызы жақсы адам мен игі істер қасымыздан табылатынын, оны байқай білуіміз, шашбауын көтеріп, өріс алуына қолдау көрсетуіміз керектігін еске салды.
Мұндайда халқымыз: «Арғымақтың тұяғы тасты басса кетілген, сазды басса жетілген» демей ме! Жақсылығымызды асырып, бір-бірімізді қолдап, береке-бірлігімізді нығайта түсетін осындай игі істеріміз іргелене бергей!
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз