Көп жолындағы көпір

0
82

  Туған күні жаңа жылмен тұспа-тұс келетін жандар аз да, көп те емес шығар. Олар жаңа жылда барша адам баласымен бірге жаңарып, жастарына жас қосатыны үшін де ерекше. Сондай жандардың бірі – шаруашылық жүргізу құқығындағы «Текелі Су құбыры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Бақыт Маулұлы Сәлиев.
1 қаңтарда алпыс дейтін ер асуына шығатын Б.Сәлиев Жаркентте, Бірлік атты шағын елді мекенде өмірге келген. Әскери міндетін Ресейдің Финляндиямен шекарасында өтеген. Шұбардағы ауыл шаруашылығы техникумын автомеханик мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын жүргізуші және кино механигі болып бастаған.
«Ол кезде кино механигі мыңның біріне бұйырмайтын қызықты мамандық еді ғой. Бүгінгідей әр үйде теледидар жоқ, адамдар өркениет өрісін тек кинодан ғана көретін. Сондықтан, кино механиктерін ел алақанына салды. Десе де, қиыр жайлап шет қонған малшы ауылдарды аралап жүріп кино қою – айтуға ғана оңай! Жаздың жауынды, қыстың қытымыр қыңыр мінезін иен далада, жолсыз тау ішінде өткерген күндер қаншама. Түннің бір жарымында әбден қалжырап, ұшып-жығылып зорға жеткенде, бала-шағаға дейін жолыңа қарап, шашуы шықпай сені күтіп отырған ақ еділ ауыл адамдарын көргенде тартқан жол азабың лезде ұмытылып, ұйқың шайдай ашылады!»,– деп Бахаң сонау жас кезінен-ақ, халықтың адамы болғанын аңғартты.
Б.Сәлиев тоқсаныншы жылдардың басында Алматыдағы жеміс-жидек өңдеу зауытының шикізатпен қамдау бөлімінде істеді. Бұл саланың да аса жауапкершілікті, адалдықты қажет ететіні баршаға белгілі. Халық көп тұтынатын, әсіресе, балалар қызыға жейтін жеміс-жидек өнімдерінің сапасы, ең алдымен, зауытқа жан-жақтан жиналатын шикізаттың өлшемге лайықты болуымен тікелей байланысты. Халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын азамат бұл жұмыстың да талабынан шыға білді.
Алматы қалалық қала көркейту мекемесінде, кейін Жаркент қалалық автопаркінде басшылық салада жемісті еңбек еткен Б.Сәлиев 2001 жылы Текелі автопаркіне директор болып келді. Жасыратыны жоқ, іскер азамат мұнда да көпшілдігімен көзге түсті. Қарапайым халық үшін аса қажетті қала ішіндегі және қалааралық автобустарды жаңартып, санын да көбейтті әрі жүру жиілігін арттырып, қызмет сапасын жақсартты. Нәтижесінде, адамдар автобусты сарыла күтпейтін, еркін отырып, барар жеріне уақытында жететін болды.
Ол істей жүріп, заман талабына сай білімін жетілдіріп отыруға да мән берді. Көкшетау заң университетін, кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін су жүйесі мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді.
Ер азаматтың салмағын білімі мен тәжірибесі, жауапкершілігі мен ізденісті еңбегі саралайды ғой. 2012 жылы қала басшылығы аса маңызды саланың, атап айтқанда қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін Текелі Су құбыры  кәсіпорнының тізгінін зор сеніммен Бахаңа тапсырды.
Дәл осы жылы Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаға сай 2012-2020 жылдарға арналған «Моноқалаларды» дамыту мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, Алматы облысынан жалғыз болып осы бағдарламаға енген Текелі қаласы экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан дамудың жаңа бетін ашты.
Жасыратыны жоқ, қаладағы ауыз су және кәріз су құбырларына қала іргесі қаланған кезден бері, сыр берген жерлері ғана жөнделгені болмаса, ауқымды жаңғыру жұмыстары жүргізілмеген еді. Сондықтан, мемлекеттің кешенді қолдауын халықтың күнделікті тіршілігі үшін аса маңызды осы саланың жаңарып, жаңғыруына бағыттап, ауыз судың іркіліссіздігі мен сапасын жақсарту ісі күн тәртібіне шығарылды. Әрине, бұл қала су жүйесінің индикаторы іспетті аталған кәсіпорынға, оның жаңа басшысына үлкен сынақты көлденең тартты.
Бахаң мол қызметтік тәжірибесі мен білімін шебер пайдаланып, қаланың су жүйесін біртіндеп, кезең-кезеңмен жаңғырту ісіне білек сыбана кірісті. Бұл туралы ол:
«Кәсіпорын ауыз суды тазарту және жеткізумен бірге қалдық суды қала сыртына айдау мен оны зарарсыздандыру ісін бірге жүргізеді. Сондықтан, екі бірдей аса маңызды тазарту станциясының іркіліссіздігі мен жұмыс сапасын жақсарту ісі қашанда өзекті. Қора өзеніндегі ауыз су тазарту станциясы  2010 жылы, «Достық» шағынауданындағы қалдық суларды тазарту станциясы 2008-2009 жылдары ағымдағы жөндеуден өткен. Қазір қалдық су тазарту станциясы жаңадан салынуда. Айта кетерлігі, біз қаладағы ауыз су жүйелерін жаңғырту ісіне мән беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар 50-60 пайызға еңсерілді. Егер «Горняцкий» шағынауданындағы ұңғыма жұмыстары сәтті аяқталса, онда сол жерден жаңа су тазарту станциясы салынып, ауыз су мәселесі толығымен шешілетін болады»,– деді.
Су – тіршіліктің тірегі. Адамдардың денсаулығы да ауыз судың сапасымен  тығыз байланысты. Сол судың барлық санитарлық, техникалық талаптарға сай әрбір үйге жетуі үшін қаншама күш-жігер, қаржы жұмсалады және бұл күнделікті қадағалауды, жауапкершілікті қажет етеді. Б.Сәлиев және оның ұжымы қала халқының осынау аса маңызды сұранысын қамтамасыз ету жолында бар қажыр-қайратын салып келеді.
Міне, есігімізді қағып жаңа жыл да келді! Махаң ізгі тілегін былай жеткізді:
«Жаңа жыл баршамызға баянды өмір сыйласын! Бүгінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына ұласқан мемлекетіміздің кешенді қолдаулары қаламызды дамудың тың белесіне шығаратынына сенім мол! Асыл армандарды кіршіксіз таза ниеттер қанаттандыратыны секілді, Текелінің мөлдір бұлақтары әрбір шаңырақтың ырысын ұйытып, берекесін арттырсын!».
Ақан Ырымжанұлы

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз