ТАҒЫЛЫМ – ТАБЫСТЫ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

0
78

   Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылау, осы негізде алда атқарылатын сан салалы жұмыстарға жаңа көзқарас, тың серпін беру мақсатында қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында ардагерлер, қалалық мәслихаттың депутаттары, Текелі қаласының Құрметті азаматтары, мекеме, кәсіпорын басшылары, мұғалімдер, бизнес өкілдері, жастар мақаладан алған әсерлерін ортаға салып, оралымды ойларымен бөлісті.
Ұлт көшбасшысы еліміздің еңсесін тіктеп, мемлекетіміздің мерейін асыру жолында ешқашан іркілген емес. Күрделене түскен әлемдік дамудан өз орнымызды айқындау мақсатында қазіргі нақты жағдайларды жан-жақты пайымдап, елдің алдағы қадамдарына тың серпін беруде. Әсіресе, ұлттық бітім-болмысымызды сақтап, бабалардан бізге жеткен дәстүрлерді жаңғырту, шаруашылықтағы тарихи тәжірибелерімізді бүгінгі дамыған технологиямен түрлендіріп, елдің игілігіне қызмет еттіру, елімізді шикізаттық елден өңдеуші, өндіруші елге айналдыру жолында бар қажыр-қайратын салып келеді. Соның тағы бір жарқын дәлелі Елбасының жақында елге жол тартқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы екенін атап өткен Б.Өнербаев: «Шындығында, біз тарихы терең, рухы берен, көрегендігі кемел ұлттың оғланымыз. Президент саралап, санамалап айтқан әрбір дерек, дәйек сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап, өркениетке ұласуда. Жылнамалар қойнауынан жеткен асылдарымыз арғы тегіміздің қасиетті тамыры құнарлы, нәрлі екендігін айғақтайды. Ағаш тамырымен мықты болатынындай адам да терең тарихымен тыныстап, шыққан тамырын білетін болса, мәуелі бәйтеректей жайқалады. Діңі мықтының рухы да биік» – деді. Қала әкімі мақалада айтылған негізгі ойды жан-жақты зерделеп, ұлттық құндылық, тарихи тағылымдарымызды, мол мүмкіндіктерімізді халықтың қажетіне айналдыра білудің көкейкестілігіне маңыз берді. Осы орайда Текелі қалалық «Шарапат Сауап» қоғамдық қорының төрағасы Файзолла Бүркітбай қазақ халқының жылқы түлігін тіршілікке өте шебер пайдалана білгенін, жылқыға тек көлік емес, сенімді серік ретінде қарағанын, ат әбзелдерінің қажетке қарай ыңғайлы, салтанатты түрлерін ойлап тауып, бүгінгідей ұшқыр көліктер болмаған кездің өзінде құс қанаты талатын ұлан-ғайыр даламызды еркін еңсергенін мақтанышпен жеткізді. Халқымыздың жылқы туралы «Мінсең – көлік, кисең – киім, ішсең – сусын» деген бір ауыз сөзінің мәніне терең бойлап, ат айналасындағы ата кәсіп, салауатты салт, тілдік қор бүгінгі ұрпақ үшін де мол қазына екенін ерекше атап өтті.
Текелі қаласының Құрметті азаматы Лариса Саржевская халқымыздың тасқа басқан өрелі мәдениеті туралы өзі жинаған нақты деректерге көпшілік назарын аударды. Тек Жетісу жерінің өзінде таңғажайып жәдігерлер молынан сақталғанын алға тартып, өскелең ұрпақты осынау шұғылалы тарихымызды жан-жақты ашып, терең зерттеуге бастаудың маңызы мен мәніне тоқталды.
Қилы замандарды басынан өткерсе де түңкелі топырағына, алтын құмына жасырып бағзы дәуірлердегі өркениетті қалаларымыздың мәдениетін бүгінге жеткізген ұлы түркі жұртының қара шаңырағы – қазақ даласы сол дархандығымен дара екенін тілге тиек еткен қалалық «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы Торғын Тұрлыбаева далалық дәстүрлер мен қалалық мәдениеттің қос тізгінін тең ұстаған халқымыздың батырлығы мен ақылдылығы, жасампаз еңбекқорлығы біздің бойымызға таусылмас күш-қуат беретініне сенім білдірді.
Ардагерлер ұйымының мүшесі Гүлнұр Омарова бүгінде тұтас адам баласы білетін және тамсана қабылдайтын қызғалдақ пен алманың Отаны қазақ жері екенін сезіне білудің өзі ұлттық сүйіспеншілікті еселей түсетін патриоттық күш екенін әдемі әспеттеді.
Қорыта айтқанда, мақаланың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай отырып, оны елдің, болашақтың игілігіне айналдыру болғандықтан, сан салалы кәсіпті игеріп, бірегей отандық өнімдерді танымал етуге еңбектеніп келе жатқан кәсіпкерлеріміз де осынау ортақ мұрат жолында үлес қосатындықтарын білдірді. Айта кетерлігі, жеке кісіпкерлер мен кәсіпорын басшылары Елбасы Жолдауында айтылған ең төменгі жалақыны 1,5 есе ұлғайту тапсырмасын мүлтіксіз орындайтындықтарын, ол алдағы жылы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылатынын жеткізді.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз