ҒИБРАТҚА ТОЛЫ РУХАНИ КЕШ

0
68

  27 қарашада қалалық Мәдениет үйінде «Елшілердің мөрі – Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.)» атты Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш өтті.
Алла Тағаланың елшісі, пайғамбарлардың ең мәртебелісі және соңғысы, адамзаттың асылы Мұхаммедтің (с.а.у.) туған айы Мәуліт мұсылман қауымы үшін маңызы ерекше мереке. Мәдениет үйіне жиналған жамағат алдымен ең көркем мінезді, ең ізгі жүректі, ең қарапайым, ең парасатты Пайғамбар туралы бейнероликті тамашалап, жүректеріне иман нұрын құйды. Рухани кештің жүргізушісі ақын, журналист Жұматай Оспанұлы қаймағы бұзылмаған қара сөз бен астарына сыр тұнған асыл ойды шендестіріп, кештің көрігін қыздырды. «Керімбек би» мешітінің ұстазы Нұржол Ғазизұлы қасиетті Құран сүрелерін оқыды.
Қала әкімі Бахтияр Өнербаев көпшілікті Мәуліт мерекесімен құттықтап, еліміздегі тыныштық, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі мәңгі болуын тіледі. Дінаралық келісім мен ынтымақты насихаттаудағы қажырлы еңбектері үшін Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділовке, «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің ұжымына Алғыс хатын табыс етті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың тағылымды өмір жолынан мысалдар келтіріп, ғибратты хадистердің тереңіне бойлатты. «Зекет» қайырымдылық қорының атынан Текелідегі бірқатар мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай сыйсияпат көрсетті. «Керімбек би» мешітінің бас имамы Аман Медетбеков ұлық Пайғамбарымызды жақынырақ тануға, иманды ұрпақ тәрбиелеуге шақырып, Мәуліт мерекесіне арналған рухани кешке атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді.
«Абзал ана отауы» халықтық ансамбілінің әжелері Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтса, Көксу аудандық «Самға» театрының «Көкірегі ояулар», «Туған жер топырағы» көріністері бүгінгі заманның қалтарысы мен бұлтарысын көрсетіп, түзу жолды нұсқады. Қос жанары жарықты көрмесе де, жүрегіндегі нұр бойына қуат берген жас өнерпаз Нұрдана Арғынұлының салған әні көзге жас тұндырса, Асылжан Тұрдымұратов, «Текелі» триосы орындаған әндер тыңдаушысын толғандырды.

Бас редактор

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз