ДІНИ КЕЛІСІМ – БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

0
63

  Дінаралық алауыздық, ұлтаралық араздастық ұғымдарынан алшақ жатқан Қазақстанды бүгінде бүкіл әлем татулық пен ынтымақтың киелі бесігі деп санайды.
Діннің адамзат тарихында алатын орны мен маңызы орасан зор. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын, біте қайнасып кеткен ерекше құбылыстар. Дін – қоғамдық құбылыс, ал қоғам – мемлекеттің негізі. Өркениетті қоғамда әрбір адам өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен тұщымды сөз айтып, ортақ мәселелер туралы ұтымды ойларын жеткізе білуі қажет. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі бүкіл әлемдік діни араздастыққа тосқауыл болуда және жаһандық қауіпсіздікке қолдау көрсетуде ерекше орын алып отыр. Қазақстан бағзы замандардан бері әлемдік діндердің орталығы болып табылады. Ұлт көшбасшысы бұл жайында: «Біздің топырағымыз арқылы барлық әлемдік діндер өткен. Осынау рухани дәстүр – Қазақстандағы конфессиялар арасындағы татулықтың аса маңызды тұғырларының бірі. Бұл жетістік арқылы біз күллі әлемге танылмақпыз» деп атап көрсетеді.
Еліміздегі бірегей бастама әр үш жыл сайын Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, беделді діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдар бас қосқан алқалы жиында жасампаздық пен өзара ықпалдастық, толеранттылық идеялары туралы сөз қозғалды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жеккөрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді» деп әлемдегі діни ахуал, әсіресе, Таяу Шығыс елдеріндегі орын алып отырған келеңсіздіктердің зардабы туралы айтып, шешу жолдарын ұсынды. Съезге қатысушылар диалог барысында ұлттар мен өркениеттерді ортақ мүддеге жұмылдыру, ха-лықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын қарастырып, ортақ мәміле қабылдады.
Елбасымыз төл тарихымызды таратып, асыл құндылықтарымыздың жауһарын саралаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ топырағы түрлі ұлт пен ұлысқа тату мекен – қара шаңырақ болғанын тағы бір атап өтті. Осынау ұланғайыр дала төсінде туған рухани тұлғалар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ойшылдарымыз да еңбектерінде дінаралық татулықты, тағаттылық пен ынтымақты айтып, елді бірлікке шақырған. «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген Күлтегін бабамыз. Берекенің бесігіне айналған Қазақ Елінің тағылымды ұстанымында діни келісім қашанда тұрақтылықтың қастерлі ұғымы болып қала береді.
Нұржамал ШОХАНОВА, ішкі саясат бөлімінің басшысы

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз