АБЫРОЙЛЫ БОЛУ ӘРКІМНІҢ ӨЗ ҚОЛЫНДА

0
62

  Жұмысқа кірісер алдында өзіне жүктелетін міндеттерді жан-жақты зерделеп, санасына сіңіріп келген мемлекеттік қызметші халық алдындағы, алдымен ар алдындағы жауапкершілігін әрдайым есте ұстауға тиіс. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат құру бөлімінде бұл мәселеге барынша ден қойылып, осы уақытқа дейін әр қадам бойынша ілкімді істер атқарылды.
Мемлекеттің атынан қызмет ететін тұлға халық сенімін ақтауға, әдеп нормаларын сақтауға міндетті. Бүгінгі қоғамда тамырын жайған сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға ең бірінші болып мемлекеттік қызметші күш салуы керек. Өйткені, елімізде мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын арттыру қадамдары жасалуда және атқарған жұмыс нәтижесіне қарай еңбекақы төлеу жүйесі қолға алынды.
Сөзбен айтылған бұл талаптарды әркім ісімен дәлелдеуі қажет. Әрбір қызметші жұмыс бабында тұрғындарға көрсеткен қызметі үшін тиісті еңбек-ақысын алып отырғандықтан, оған қосымша сыйлық алудың заңды бұзу болып табылатынын біледі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда осы тұрғыдағы құқықтар мен міндеттер және заңсыздық орын алған жағдайда қолданылатын жазалар туралы егжей-тегжейлі жазылған. Аталған заңға сәйкес, мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы үшін сыйлық-тарды алу – мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады. Тіпті, мереке, туған күн секілді себептермен қарамағындағы қызметшілерден азын-аулақ сыйлық алудың өзі заңға жат әрекет екенін естен шығармаған абзал. Мұнымен қатар, сыйлықты алушы да, беруші де жауапқа тартылатынын ескеру қажет. Яғни, мүліктік пайда, игілік және артықшылықтар алу үшін ресми тұлғаларға сыйлықтар беруге және қызметтік емес қызметтер көрсетуге тыйым салынады.
Мемлекеттік қызметші білмей түскен, жариялы немесе ресми іс-шаралар уақытында берілген сыйлықтарды алынған күннен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде ерікті түрде арнайы қорға тапсыруға міндетті. Жеті күндік мерзімнің бұзылуы, сондай-ақ, мемлекеттік функцияларды орындауға байланысты сыйлықтарды қабылдау қылмыстық не әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болуы мүмкін.
Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күрес еш уақытта бір жақты әрекетпен нәтиже бермейтіні анық. Сол себепті, бүкіл қоғам болып, кез келген тұлға, мейлі қай салада жұмыс істесін, өзіне де, өзгеге де зиян келтірмеуге, заңнан аттамауға мүдделі болуы керек. Биік абыройға жету қаншама маңдай терді талап еткенмен, сол абыройдан аяқ астында айырылып қалу мүмкін екенін еске алып жүрейік.
Батыр МОЛДАХМЕТОВ, Текелі қаласының әдеп жөніндегі уәкілі

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз