ЖҰМЫС ЖАНДАНА ТҮСПЕК

0
100

   Жуырда Текелі кәсіптік колледжі Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оқу орнының әкімшілігі былтырғы оқу жылындағы жұмыстың қорытындысы туралы есеп берді, колледждің стратегиялық даму жоспары назарға ұсынылды.
Бүгінгі таңда кәсіптік білім беру саласына жүктелген міндет еселене түскені анық. Колледж директоры Дәуболат Нүсіпов сан салалы жұмысты оңтайландыру жолында оқу орнының Қамқоршылық кеңесінің рөлі зор екенін атап өтті. Кеңес білім беру мекемесінің жұмысына жәрдемдесу, бағыт беру, нәтижесін бағалау, сапасын арттыру мақсатында ұсыныстар енгізу, мүмкіндігіне қарай қаржылық көмек көздерін көздеу секілді міндеттерді атқарады. Қамқоршылық кеңесінің жұмысы арнайы үлгілік ережелер аясында жүзеге асырылады. Оның құрамында атқарушы және құқық қорғау органдарының, жұмыс берушілер мен әлеуметтік әріптестердің, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар бар.
Кәсіптік колледж директорының орынбасары Айнұр Малаева есеп беру барысында жұмыс нәтижелерімен жан-жақты таныстырып, оқыту үрдісінің сапасын жақсарту мақсатында студенттер, педагог қызметкерлер, ата-аналар және жұмыс берушілердің пікірі мен ұсыныстарын ескеруге бағытталған түрлі сауалнамалар жүргізу жақсы нәтиже бергенін жеткізді.
Кеңес мүшелері колледж ұжымына кәсіби бағдар беру жұмыстарына ата-аналар қауымының белсенділігін арттыра түсуді ұсынды. Сонымен қатар, жұмысшы мамандығын игеруге бел буған жастарды оқыту бағдарламасынан жалпы білім беру пәндерінің тізбегін біршама қысқарту қажет деген пікірлерін айтты.
Жиын барысында демеушілер тарапынан «Үздік студент» байқауында топ жарған білім алушыларға бір реттік атаулы шәкіртақы тағайындау туралы ұсыныс білдірілді. Мұны құптаған кеңес мүшелері жастар үшін тәрбиелік мәні зор болуы үшін шәкіртақыларды қаланың өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың атынан беруді жөн көрді.
Кеңес отырысында Алматы облысының білім саласындағы бақылау департаментінің өкілі Рита Сайдгариева аталған жұмыстарды ілгерілетудің жолдарын айтып, қамқоршылық кеңестің жұмысы тек қана қаржылай көмек көрсетумен шектелмейтінін еске салды. Сонымен қатар, ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына енгізілген өзгерістермен таныстырды.
Колледж директоры бірнеше жыл қатарынан өндіріс орнына саяхаттар ұйымдастыруға, өндірістік оқыту шеберлерінің тағылымдамадан өтуіне, дәнекерлеу шеберханасына металл кесектерін беру, студенттердің тәжірибе жинақтауына көмек көрсетіп жүрген «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС директоры Бақыт Шалбаев пен Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділовке Алғыс хат тапсырып, алдағы күннің міндеттерін жұмыла көтеруге сенім білдірді.

Бас редактор

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз