Үлкен мақсатқа жол салады

0
102

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тарих пен саясаттану, философия мен әлеуметтану, психология мен педагогика, экономика, мәдениеттану мен филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды.
Аталған жобаның тамыры 100 кітапты аударып, баспадан шығарудан әлдеқайда тереңде. Соны жете түсінгеніміз абзал.Әрине, алдағы уақытта гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары әлем тілдерінен қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерімізге күллі дүниедегі ең таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, тамаша оқулықтар арқылы қазақ аудиториясының таным-түсінігі артып, сол арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығады деп күтілуде.
ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары аудармамен белсене айналысты. Бірақ ол кезде қазіргідей мүмкіндік болмағаны рас. Ал қазір мүлде басқа уақыт, басқа мүмкіндік. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Бұл жұмыс «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде ұйымдастырылуда. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының екінші кезеңінде 30 кітапты аударып, баспаға дайындауда. Бұған дейін әлемдегі маңдайалды университеттердің оқу бағдарламасына енген үздік 18 оқулық аударылып, көпшілікке таныстырылған еді.
Қазақ тіліне аударылған оқулықтар 110 жоғары оқу орнына таратылып, онлайн нұсқасы Қазақстанның ашық университеті – Openu.kz порталына жүктелді. Осы оқу құралдарының негізінде қазақ және орыс тілдерінде әрбір пән бойынша 25 дәрістен тұратын 47 курс  мультимедиялық лекциялар топтамасы әзірленді. Жобаның мақсаты – сапалы тегін онлайн-курстар ұсыну арқылы халықтың интеллектуалдық деңгейін арттыру, әрі цифрлық технологиялардың кө-мегімен онлайн білімді баршаға қолжетімді ету. Қазақстанның ашық университеті еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен мамандары бірлесе әзірлеген онлайн-курстарға тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады. Мектептің жоғары сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ, түрлі жағдайларға байланысты білім алуға мүмкіндігі жоқ азаматтар және онлайн-курстарға қызығушылық білдірген кез келген азамат ешқандай шектеусіз, кез келген уақытта, кез келген жерде онлайн-курстарды меңгере алады. Біз осы мүмкіндікті қалт жібермей, еліміздегі ең үлкен тегін білім беру қауымдастығына қосылып, еліміздің одан ары қарай дамып, биік белестерді бағындыру жолында әрқайсымыз білім деңгейімізді, ойлау қабілетімізді арттыруға күш салуымыз керек-ақ.
Ғалия Жаңбырбаева, қалалық білім бөлімінің бас маманы

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз