ЕМЛЕ ЕРЕЖЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
118

  «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылау» тақырыбындағы алқалы жиын 9 қарашада қалалық әкімдіктің үлкен жиын залында өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынға аталған орталық бас директорының міндетін атқарушы Ербол Тілешов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Жүнісбек Әлімхан, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев, қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы, сондай-ақ, қаламыздағы мекеме, кәсіпорындардың өкілдері, ардагерлер, мұғалімдер, жастар қатысты.
Алдымен сөз алған Е.Тілешов бүгінде жер планетамызды мекен еткен 7 млрд 450 млн адамның 75 пайызы, соның ішінде 200 млн түркі халқының 56 пайызы, дамыған 30 елдің 25-і латын әліпбиін қол-данатынын, сонымен бірге, бүгінгі ғылым мен техника жаңалықтарының 77 пайызы латын графикасын негіз еткен дамыған елдердің еншісінде екенін, ақпараттық технология, медицина, қорғаныс істері, су және әуе жолы секілді маңызды халықаралық қатынастарда, пошта байланыс саласында әлемге ортақ тілдік атаулар латын әліпбиінде берілетінін, тіпті күнделікті өміріміздің айырылмас бір бөлігіне айналып кеткен интернет тілінің де осы латын әліпбиіне негізделгенін алға тартып, дамудың талабы біздің осы бағыттағы батыл қадамымызға түрткі болғанын еске салды. Ол, сондай-ақ, қолданыстағы әліпбиді лингвистикалық тұрғыдан талдап, оның бүгінгі заманауи дамуға үйлесе бермейтін тұстарын нақты мысалдармен түсіндірді. Айталық, латын тіліндегі 44 дыбыс тек 26-ақ таңбамен оқылады. Ал, бізде мүлде керісінше, тіліміздегі бар-жоғы 28 дыбыс 42 әріппен белгіленген. Мұның жазу заңдылығына томпақ құбылыс екенін кез келген тіл ғалымы жақсы біледі. Оның үстіне, орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында жазу мен оқу талабы қазақ тілінің үндестік заңын қақпайлап, салдарынан тіліміздің байырғы болмысына нұқсан келгені жасырын емес. Демек, жаңа әліпбиге көшу мәселесі – ұлттық мүддеге негізделген болашақ ұрпақтың қамы. Оны, бүгінгі қолымызда бар барлық мүмкіндіктерді мейлінше пайдалана отырып, ғылыми негізде, жүйелі түрде қолданысқа енгізу ісіне баршамыз белсенді атсалысуымыз керектігін атап өтті.
Осыдан соң Ж.Әлімхан биыл 11 маусымда «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» тақырыбындағы республикалық конференцияда жаңа әліпби бойынша барлық жұмыс тобы мүшелерінің және ең білікті лингвист ғалымдардың қатысуымен емле ережелерінің концепциясы жан-жақты талқыланып мақұлданғанын айтты. Ол Алматы облысындағы бірқатар қалалар мен аудандарда өткен түсіндіру, талқылау жиынының мақсаты осы концепция негізінде жоғарыда аталған «Тіл-Қазына» орталығы мен Тіл білімі институты дайындаған жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелері жобасын халыққа кеңінен таныстыру, насихаттау, жоба бойынша құнды ғылыми ұсыныстарды сараптау екенін алға тартып, жобадағы жаңа емле ережелеріне де тоқталды. Ол, әсіресе, тіліміздің әуелгі бітім-болмысын сақтауға байланысты жаңа емле ережеде орфография мен орфоэпияда бірдей маңыз берілетінін еске салды. Осы орайда қала мектептерінің қазақ тілі мұғалімдері өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін де айтты.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз