ЖАС БАПКЕРГЕ ЖАРАСЫМДЫ ҚҰРМЕТ

0
101

    Халқымызда: «Ел намысын ер сақтайды, ер атағын ел сақтайды» деген сөз бар. Ел намысы сынға түскен халықаралық додаларда абыройымызды асқақтатып жүрген бүгінгі бейбіт өміріміздің ерлері деуге әбден лайық спортшыларымыздың биік жетістіктерін мақтан тұтып, олардың ерік-жігерін үлгі-өнеге ету – елдіктің белгісі. Жақында қалалық Мәдениет үйінде бокстан студенттер арасындағы Азия және әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Дидар Саяқұлы Өтелбаевтың құрметіне арналған салтанатты жиын өтті.
Патриоттық тәрбиені өзек еткен айтулы шараға қала әкімі Бахтияр Өнербаев, Алматы облысының ересектер арасында бокстан аға жаттықтырушысы Тоқтарбек Саметов, сондай-ақ, қаламыздағы мекеме, кәсіпорын басшылары, ардагерлер, спорт жанкүйерлері, спорт жаттықтырушылары, оқушылар, Дидардың бапкерлері, туыс-туғандары мен достары қатысты.
Алдымен көпшілікке спортшыларымыздың биік жетістіктері кубоктар, медальдар және грамота, диплом, алғыс хаттармен әспеттелген көрмеде таныстырылды.
Салтанатты шара үлкен залда жалғасты. Қала әкімі Бахтияр Өнербаев Дидардың спортқа деген адалдығы, табандылығы, ел абыройын алға шығарған биік жетістіктері елшілдіктің тамаша үлгісі екенін атап, оның жас бапкер ретінде өзі секілді ел абыройын асқақтататын талантты боксшыларды тәрбиелеп шығаратынына сенім білдіріп, Құрмет грамотасын табыс етті.Сондай-ақ, қала спортының дамуына белсене атсалысып, қолдау көрсетіп келе жатқан спорт жанашыры, қалалық бокс және футбол федерациясының президенті, Текелі қаласының Құрметті азаматы Ертай Дүйсебаев пен Дидардың бапкері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт қайраткері Тұрарбек Омар-ұлының еселі еңбектеріне ризашылығын жеткізді, шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сахна төріндегі үлкен экраннан Дидардың балалық шағы, спорттағы жетілу жолы көрсетілді. Әсіресе, шаршы алаңдағы оның сергек қимылы мен сұрапыл соққылары, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, көк Туымызды көкке өрлеткен ерлігі көпшіліктің рухын көтеріп, жігерін тасқындатты.
Еске сала кетсек, шаршы алаңда алған жарақатына байланысты үлкен спорттағы мансабын аяқтаған Дидар қазір Текелідегі ОРМБЖМ-да бокстан жаттықтырушы. Оның жан-жақты жетіліп, қарым-қабілеті толысқан шағында алдынан көлденең шыққан тағдырға сынбай, бойындағы барын жолын қуып, өсіп келе жатқан інілеріне беруге шешім қабылдап, шәкірт тәрбиелеу ісіне ден қойған азаматтық таңдауына қолдау білдірген ел ағалары оның алдағы қадамдарына сәттілік тілеп, ат мінгізді. Сонымен бірге, Дидардың құрметіне арналған онкүндік аясында қала мектептерінде кездесулер ұйымдастырылып, оқушылар Дидардың спорттық жетістіктерінің қалқасында жатқан табанды жаттығу мен ізденіске, ел үмітін ақтауға деген азаматтық жауапкершілікке қаныға түсті. ОРМБЖМ-да бокстан облыстық турнир ұйымдастырылып, жеңімпаздары салтанатты шарада марапатталды.
Аталған жиында өзіне деген осынау зор құрметке дән ризашылығын білдірген Дидар: «Еліме қызмет етуді жалғастырамын. Менің ендігі арманым – Олимпиада шыңын бағындыратын, еліміздің мақтанышы болатын шәкірт тәрбиелеу», – деді нық сеніммен. Ол шаршы алаңда киген бокс қолғабын спорттағы інісі Айбек Досановқа сыйлады. Берекенің белгісі, жақсы ырымды көпшілік құптап, ұзақ қол соқты.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз