КІЛ ЖҮЙРІКТЕ КІМ ЖҮЙРІК?

0
102

   Балалар мен жасөспірімдердің туристік және өлкетану орталығының шәкірттері 14-21 қазан аралығында Шымкент қаласы маңындағы Машат тау шатқалында туристік көпсайыстан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатынан жақсы нәтижемен оралды.


Бұл, сондай-ақ, туристік көпсайыстан ҚР Кубогінің ақтық кезеңі әрі қазақстандық альпинист Наталья Марчукты еске алуға арналған жарыс болды. Алматы облысының намысын Лариса Саржевскаяның жетекшілігіндегі жасөспірімдер командасы (құрамында Александр Шкарпетин, Тілеубек Секман, Саябек Құмар, Татьяна Кочегина) мен балалар командасы (Қасиди Мәдениет, Дәулет Болатханов, Артем Скрипников, Камила Сырлыбаева) қорғады.
Бір аптаға созылған спорттық жарыс өткелдер, топтық байлам, жеке және топтық қашықтық, құтқару жұмыстары, велоқашықтық сынды 6 кезеңде өтті. Қажыр-қайраты мен әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген саңлақтарымыз намысты қолдан бермей, барын салып бақты. Қорытындыда, ерлер байламында А.Шкарпетин мен С.Құмар 1-орын, аралас байламда Т.Секман мен Т.Кочегина 2-орыннан көрінді. Бас төреші текелілік жасөспірімдерді құтқару жұмыстары кезеңі мен велоқашықтықты еңсеруде ең үздік топ деп таныды. Басқа кезеңдерде де жерлестеріміз алдына жан салмады. ҚР чемпионатында жасөспірімдер командасы 1-орын, ал ҚР Кубогінің барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша 2-орынға ие болды.
Балалар командасының спортшылары да жақсы ойын көрсетті. Әсіресе, құтқару жұмыстарында ерекше көзге түсіп, әрқайсысы туризм бойынша І ересек разрядын иеленді. Аралас байламда Қ.Мәдениет пен К.Сырлыбаева 2-орыннан көрінді. ҚР чемпионатында команда 5-орын, ҚР Кубогінде 3-орын алды. Т.Кочегина мен К.Сырлыбаева жыл бойғы табысты еңбектері үшін І орынға ие болып, ҚР жеке Кубоктарымен марапатталды. А.Шкарпетин ҚР Кубогінің қола жүлдегері атанды.

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз