ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ

0
394

   Осы аптада Текелі қаласында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы міндеттермен өзектес «Текелі Инвест-2018» инвестициялық форумы өтті. Форум барысында Текелі қаласының өсіп-өркендеу өрісіндегі инвестициялық мүмкіндіктері сарапқа салынып, республика бойынша инвестициялық қызметке көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары назарға ұсынылды, бірқатар серіктестік өкілдері қаржы құйып, қала аумағында жүзеге асыруға ниетті тың жобаларының жай-күйімен таныстырды.
Текелі қаласының әкімдігі мен Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының ұйымдастыруымен, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен өткен форумда алдымен қала әкімі Бахтияр Өнербаев Текелінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, туризм саласындағы көрсеткіштер туралы таратып айтты. «Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу арқылы эко-номиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына ерекше назар аударды. Елбасы Үшінші жаңғыртуды мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру жолымен жүзеге асыру міндетін қойды. Қазір елімізде шағын және орта бизнесті қолдау бағытында «Бизнестің жол картасы-2020», «2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламалары іске асырылып жатыр. Мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпкерлікті дамыту саласында өз жемісін беруде. Бұл қаладағы шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштерінің өсімінен айқын аңғарылады»,– деген қала басшысы нақты мысалдар келтірді. Осы жылдың өткен төрт айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,6 млрд. теңгені құраған. Бизнестің инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділігін арттыру мақсатында «Достық» индустриялық аймағын құру жұмыстары жалғасуда. Жоба бойынша мұнда көлік жолын салу, электр желілерін, су және кәріз жүйесін тарту көзделген. Қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін көпшілік арнайы көрсетілген бейнероликтен бағамдады.
Инвесторларға құшағы ашық моноқаладағы ең күрделісі – жер мәселесі. Дей тұрғанмен, жергілікті әкімдік болашағы бар жүйелі жобаларға қолдау көрсетуге дайын. Форумда голландиялық технологиямен жұмыс істейтін жылыжай кешенін салып, жылдық қуаттылығы 4 мың тонна қызанақ, 4,5 тонна қияр өндіру жобасымен таныстырған «Алма Отаны» ЖШС директоры Сәтбек Кеншімнің айтуынша, жылыжай құрылысын қазірден қолға алса, келер жылдың соңына қарай өнім алуға әбден болады. Кешен толық іске қосылғанда 200-ден аса адам жұмыспен қамтылмақ. Серіктестік бүгінгі таңда Текеліден 11 га жер алып, жобаны жүзеге асырудың алғашқы қадамын жасап үлгерген. Сонымен қатар, қой етін өңдеумен айналысатын «Zhetysu Koy» ЖШС, жеміс-жидек бағын баптауға ден қойған «Феникс Фид Миллс» ЖШС өкілдері өз жобалары туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының өкілі Ерал Шлембаев өз сөзінде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану тетіктеріне маңыз берсе, Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан атқарылып жатқан игі істер, кәсіпкерлікті дамыту аясындағы қолдаулар жайлы айтты. Өңірлік дамыту орталығының өкілі Әлішер Ақашев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» директорының орынбасары Руслан Сәметаев бизнесті бастау мен жетілдіруге бағытталған мемлекеттік қолдаулар, несие рәсімдеу, грантқа қол жеткізу турасындағы көкейтесті мәселелерді қозғады.
Форум жұмысын түйіндеген қала әкімі Б.Өнербаев бұл басқосудың Текеліде ин-вестициялық жобалардың жүзеге асуына жаңа серпін беретініне сенім білдіріп, қалада өз кәсібін дөңгелетемін деушілерге есік ашық екенін жеткізді. Табиғаты, ауа райы, орналасқан жері сан салалы бизнесті дамытуға қолайлы Текелі кәсіпкерлікке икемді инвесторларды күтеді.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Бөлісу
Share on Facebook
Facebook
Tweet about this on Twitter
Twitter
Share on VK
VK

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Өтінемін, өз пікіріңізді енгізіңіз!
Өтінемін, атыңызды мына жерге енгізіңіз