Игі амал – ағаш егу

Наурыз мерекесінің жалпыхалықтық сипатын қайта түлету мақсатындағы қабылданған тұжырымдамаға сай 15 наурыз – Жайлау күні Тәуелсіздік алаңына шырша көшеттері егілді.
Игі амал – ағаш егу

Ағаш егуге қала әкімі Батыр Молдахметов, қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский қатысты.

Наурыз мерекесінде басталатын ағаш егу науқаны елімізде мамыр айының соңына дейін жалғасады. Себебі, ұлан-байтақ даламыздың солтүстік шетінен оңтүстігіне, Қызылқұм шөліне дейінгі аралық 1600 км. Наурызда еліміздің оңтүс-тігіндегі өңірлерде жеміс ағаштары гүлдеп жатқанда солтүстік аймақтар әлі де ақ қар, көк мұз құрсанып жатады.

Биыл көктем кешігіп келуде. Еліміздің барлық аумағына әсер еткен аяздың беті қайтса, соңғы жауған наурыздың ақша қары да жатпас. Қар еріп, жер кепкен соң, көктемгі ағаш егу науқаны басталады. Наурыз мерекесінің маңызды бір сипаты болып табылатын осынау игі іске көп болып атсалысуымыз, ағаш егіп, оны күтіп, баптауды ғибратты амал ретінде дағдыға айналдыруымыз керек.

Текелінің жері құнарлы, ауа райы өте жайлы. Теңіз деңгейінің биіктігі, ауасының ылғалдығы, жылы күндердің ұзақтығы секілді ерекшеліктері еліміздің басқа көптеген аймақтарында өспейтін жеміс ағаштарын өсіруге қолайлы. Сондықтан, саяжайларға, аулаларымызға жеміс ағаштарын, оттек көп бөлетін қарағай, шырша, арша секілді бағалы ағаштарды көптеп егуіміз және олардың бабына мән беруіміз тиіс. «Жайлау күнінің» тағылымы да осыған саяды.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ        

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.