Жағдайға тездеп бейімделу керек

Коронавирус пандемиясына байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі алынып тасталғанымен, індеттің қаупі мен таралу деңгейі әлі жоғары екенін ескермеу жағдайды ушықтырып жіберуі әбден мүмкін. Мұны әрбір азамат шынайы сезіне білуі, өзінің және отбасының амандығы үшін белгіленген сақтық шараларын саналы түрде сақтауы керек.
Жағдайға тездеп бейімделу керек

Елімізде COVID-19 пандемиясына байланысты 16 наурызда жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталып, карантин талаптары жеңілдетіле бастағаны белгілі, алайда соңғы мәліметтерден елде вирус жұқтырғандар санының күрт өсіп келе жатқаны анық байқалады. Қазір осы індеттен көз жұмғандардың саны да өсіп отыр. Еліміз бойынша 120-ға тарта адам жансақтау бөлімінде жатқаны, осы індеттен   қайтыс болған адам 100-ден асқаны, сондай-ақ, елде 20 мыңға жуық адамнан вирус табылғаны, оның 6 мыңнан астамы симптомсыз екені айтылуда. Бұл қауіпті вирустың барған сайын күрделеніп келе жатқанын білдіреді. Бүгінгі таңда жұқпалы ауруларға арналған орындардың науқастармен толуы орта есеппен 68 пайызды құраған. Өткен аптада жедел жәрдемге жүгінгендердің саны да күрт артқан. Мұның бәрі жай ғана сандар емес, отандастарымыздың, туыстарымыздың өмірі мен тағдыры.

Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Жанат Мұсабековтің айтуынша, адамдар қазіргі жағдайға тездеп бейімделуі керек. Яғни, қауіпті вирус ешқайда кетпейтінін, кім сақтық шараларын естен шығарып, белгіленген талаптарға немқұрайды қараса, соны нысанаға алатынын естен шығар-мауы тиіс. Базар, дүкен, банк, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді әлеуметтік орындарда маска тағуды әдетке айналдыру, адамдар жиналатын барлық басқосуларды кейінге қалдыру, кездескенде қол алыспау, арақашықтықты сақтау, әсіресе, балаларды қадағалау, індеттен сақтанудың барлық ережелерін бала санасына орнықтыра білу маңызды.

Ең өзектісі, адамдар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, тіршілікті қамтамасыз етудің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалана білуді үйренуі керек.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.