Ерен еңбек құрметі

Мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуы үшін зор жауапкершілікті мойнына алып, осы жолда бар ақыл-парасатын, күш-жігерін арнаған, сүрлеуден жол салған Ұлт көшбасшысы, сарабдал саясаткер Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі еліміздің тәуелсіздік тарихында мәңгіге қалады.
Ерен еңбек құрметі

Тұңғыш Президент күнінің мәні – Елбасының еліне сіңірген ерен еңбегін бағалау және оны ұрпақ санасына сіңіру арқылы жастарды елжандылыққа, еңбекқорлыққа баулу, сондай-ақ, қиындықтарды Елбасымен бірге еңсеріп, өрелі дамуға бет түзеген халқымыздың жасампаз рухын асқақтату. Мұны жастарымыз білуге тиіс. Бүгінде елімізде және алыс-жақын шет мемлекеттерде беделді жоғары оқу орындарына, орталық көшелерге, алаңдарға Елбасының есімі беріліп, мүсіндері орнатылған. Бұл – Елбасының әлемдік деңгейдегі абыройы мен құрметінің белгісі.

2019 жылдың 20 наурызынан бастап Отанымыздың астанасы ресми түрде Елбасының есімімен «Нұр-Сұлтан» аталды.  2010 жылы ашылған беделді университет пен зияткерлік мектептер желісіне, сонымен қатар, Ұлттық қорғаныс университетіне Елбасының есімі берілді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша еліміздің көптеген қалаларындағы орталық көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген.

1997

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жұлдыз 1997 жылы 6 шілдеде халықаралық жұлдыздар тізілімінде тіркелді. Оның нөмірі – Perseus RA 3H 23v Osd 40* 43.

Оның мәліметтері Швейцариядағы жұлдыздардың халықаралық тіркеу жинағына енгізіліп, АҚШ астрономиялық жинағына жазылды.

1998

Біздің елімізде Елбасы есімі берілген алғашқы объектілердің бірі Іле Алатауының Тянь-Шань жотасының солтүстік беткейін-дегі Нұрсұлтан шыңы болды. 1998 жылға дейін шың Комсомол деп аталатын.

2005

Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында «Рух-Ордо» мәдени-этнографиялық кешенінің аумағында 2005 жылы Қазақстанның Тұнғыш Президентіне ескерткіш орнатылды.

 

***

2005 жылдың 17 қарашасында Украинаның Каменское қаласында (бұрынғы Днепродзержинск) Қазақстанның Тұнғыш Президентіне ескерткіш орнатылды. Еске сала кетсек, 1958-1960 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Днепродзержинск қаласындағы №22 КТУ-да оқыған.

 

2009

Нұр-Сұлтандағы «Қазақ Елі» монументі ақ мәрмәрдан жасалған. Монументтің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылды бейнелейді. Монументтің төрт жағында «Қаһармандық», «Халық және Президент», «Жасампаздық», «Болашақ» атты барельефтер орналастырылған. Аты айтып тұрғандай «Халық және Президент» деп аталатын орталық бетінде Нұрсұлтан Әбішұлының ант беріп тұрған сәті мүсінделген.

2010

2010 жылғы 24 маусымда Анкарадағы орталық парктердің бірі – Генчлик-саяба-ғында Қазақстан Тұңғыш Президентіне арналған «Түркі халықтарының сіңірген еңбегі үшін» ескерткіші ашылды.

***

Шешен Республикасындағы Грозный қаласындағы ең көне оқу орны – №1 лицейге 2010 жылы Елбасының есімі берілді. Грозныйдың ірі көшелерінің біріне де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген.

2011

2011 жылы Теміртауда Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы ашылды. Оның экспозициясы Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының призмасы арқылы Қазақстан Магниткасының қалыптасу тарихын әспеттейді.

 

***

2011 жылы қазақстандық геологтар ашқан минерал Нұрназен ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне осылай аталған және атауында Елбасы аты мен тегінің бастапқы әріптері бар.

 

***

Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз қаласында Тұңғыш Президент саябағы бар.

Алматы саябағында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Қазақстан» монументалды-мүсіндік композициясы орналасқан. Ескерткіштің ортасында Елбасы мүсіні тұр. Сондай-ақ, Алматыда 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған ҚР Тұңғыш Президенті Қорының коммерциялық емес ұйымы жұмыс істейді. Қор түрлі мәдени, ғылыми және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады.

 

2012

2012 жылы Назарбаев орталығы ашылған. Оның ішінде Тұңғыш Президент кітапханасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Елордада 2005 жылы ашылған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жеке мұражайы бар. Оның экспозицияларында мұрағаттық құжаттар, Н.Назарбаев жазған кітаптар қойылған.

***

Молдова мемлекетіндегі Гагаузия автономиясында біздің Тұңғыш Президенттің құрметіне қойылған ескерткіш 2012 жылы ашылды.

 

2014

2014 жылғы наурызда Нидерландыда Қазақстан Президенті бейнеленген жаңа голландиялық пошта маркасы мен «Президент Назарбаев» қызғалдағының жаңа сорты таныстырылды.

Ал 2015 жылдың мамыр айында «Шелл» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берден Нұрсұлтан Назарбаевқа осы сұрыпты қызғалдақтарды тарту етті.

2016

2016 жылғы 5 қарашада Қазақстан Президентінің Жапонияға сапары қарсаңында Изуми қаласында (Осака префектурасы) өткен хризантем фестивалінде «Президент Назарбаев» брендімен жаңа хризантема сорты таныстырылды.

***

Талдықорғанда 2016 жылы қала орталығында Елбасының ескерткіші орнатылды. Оның салтанатты ашылуы Тұңғыш Президент күніне орайластырылды.

Төрт метрлік қола мүсін төрт метрлік гранит тұғырға орнатылған.

2018

2018 жылғы 10 шілдеде Нұр-Сұлтандағы Тұңғыш Президент музейінің бірінші қабатында Елбасының мүсіні қойылды және қазақ тілінде латын әріптерімен: «Менің арманым – Қазақстанның Мәңгілік Ел болуы. Уақыт өтеді, адамдар өтеді. Бірақ Тәуелсіздік қалады» деген Елбасының қанатты сөзі жазылған. Сондай-ақ, мұражайда және «Бәйтерек» монументалды кешенінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қолының іздері бедерленген.

Биыл астанада Ұлттық қорғаныс универ-ситетінің алдына Нұрсұлтан Назарбаев Монументі орнатылды.

Интернет-сайттардың мәліметтері бойынша

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.