Салық саясатындағы қадамдар

​2 желтоқсанда Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жаналинов Текелі қаласында Жетісу өңірі тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік кіріс саласының негізгі бағыттары, соңғы уақытта орын алып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтар туралы таратып айтты, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Салық саясатындағы қадамдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында жаңа экономикалық саясатқа көшу бағытында: «Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты. Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс. Сондай-ақ, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек», – деген болатын. Комитет төрағасы салық саясатының тиімділігін арттыру үшін халыққа ашық болуға, өңірлерді аралап, жұртшылықтың пікіріне құлақ асып, мемлекеттік кіріс тетіктерін оңтайландыруға маңыз беріп отырғандарын атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша көпшіліктің ұсыныс-тілегін ескере отырып ілгері басудың ілкімді болатынына назар аударды.

 Алқалы жиында Д.Жаналинов Жетісу облысының көрсеткіштеріне тоқталды.

– Жетісу облысы аумағында барлығы 793 966 салық төлеуші тіркелген, оның ішінде 9091 заңды тұлға, 30444 жеке кәсіпкер бар. Биылғы 10 айда мемлекеттік бюджетке 152,8 млрд. теңге түсім түссе, оның 70,9 млрд. теңгесі артық өсім болды. Негізгі өсім кедендік төлемдерді ұлғайту есебінен жүрді. Облыстың Қытаймен 574 шақырым бойы шектесетін географиялық орналасуы бюджетті толықтыруға қолайлы әсер етеді. Салықтық және кедендік әкімшілендіру нәтижелері бойынша мемлекеттік бюджетке 2633 салық төлеушіден 13,5 миллиард теңге қосымша кіріс өндірілді, бұл өткен жылдан 5,5 миллиард теңгеге артық. Облыс аумағында кедендік бақылау жүзеге асырылатын 6 кеден бекеті жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдары 33 мемлекеттік қызмет түрін электронды түрде көрсетеді, ал egov.kz порталы арқылы 16 түрін алуға болады. Жылдың басынан бастап 937 923 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 97,3%-ы электрондық түрде көрсетілді, – деген ол салық төлеудің ыңғайлы шарттары, заң үстемдігін назарда ұстау, бизнесті ынталандыру, салық және кеден саясаты жайлы тың ақпараттар ұсынды. Сонымен қатар, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың ыңғайлылығы үшін «Алакөл» және «Нұр жолы» кеден бекеттерінде электрондық кезектер енгізілгеніне, салық төлеу үшін «E-SALYQ AZAMAT» және «E-SALYQ BUSINESS» мобильдік қосымшалары іске қосылғанына тоқталды. Бұл салықтарды іркіліссіз төлеуге және есептерді автоматты режимде тапсыруға мүмкіндік береді. Комитет төрағасы баяндамасында Текелі қаласының да экономикалық әлеуетіне де көз жүгіртті. Салық және кеден саясатының халыққа түсінікті болуы үшін жиі қойылатын сұрақтарға ден қойды. Нақтырақ айтсақ, жалпыға бірдей декларациялауды енгізу, көлік құралдарына салынатын салық көлемін есептеу, мобильді аударымдар, тағы да басқа мәселелер туралы толыққанды мағлұмат берді. «Мұндай кездесулер мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді»,– деген Д.Жаналинов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, тілек білдірушілерді жеке қабылдауына шақырды.

Жиын барысында өңір тұрғындарына мемлекеттік кіріс қызметіндегі жаңашылдықтар туралы ақпараттық парақшалар ұсынылды.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.