Көшбасшылар шеруі

​1 желтоқсанда «Металлург» клубында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Текелі қаласы әкімінің дәстүрлі «Жыл үздігі-2022» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.
Көшбасшылар шеруі

Биыл аталған байқауға қала бойынша 21 үміткер құжат өткізген. Әр салада жастық жігер, қажырлы қайратпен еңбек етіп, жетістікке жетіп жүрген жастардың жарқын қадамдарына ризалығын білдірген қала әкімінің орынбасары Бауыржан Тұғылбаев оларға егемен еліміздің ертеңгі тұтқасын сеніп тапсыруға болатынын айтты, талмайтын қанат, мұқалмайтын тұяқ, баянды бақ тіледі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтың сертификатын тапсырды.

Балалар мен жасөспірімдердің туристік және өлкетану орталығындағы өлкетану бағытының бөлім меңгерушісі Азамат Ерғалиұлы Жұманазаров «Үздік жас көшбасшы» аталымының жеңімпазы атанды. Ол – жаңа иедеялар мен жаңашылдыққа жаны құмар маман, туристік көпсайыстан «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер». Текелі және Қонаев қаласы әкімдерінің Алғыс хаттарымен, облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің грамоталарымен, облыстық «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойындарының дипломымен марапатталған, «Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл» медалінің иегері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушысы Андрей Александрович Диппель «Үздік жас ұстаз» аталымы бойынша топ жарды. «Үздік жас спортшы» аталымының жеңімпазы болып Айнұр Амангелдіқызы Медетова танылды. Ол – джиу-джитсудан Қазақстан Республикасының чемпионы, ММА бойынша ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, Киевтегі әлем чемпионатының жеңімпазы, Бұхарадағы комбат-джиу-джитсудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жастар сыйлығы табысталған сәтте Әлем чемпионатында ел намысын қорғау үшін Испанияда жүргендіктен, дипломы жаттықтырушысына табысталды. «Делай добро! Текели» еріктілерінің қатарында аз қамтылған көпбалалы отбасыларына, жалғыз-басты қарттарға, хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіруге белсене қатысып жүрген Екатерина Владимировна Угачева «Үздік жас ерікті» аталымы бойынша марапатталды. Ал Мирас Мұратханұлы Нүсіпханов «Үздік жас дәрігер» аталымының жеңімпазы атанды. Семей медициналық университетінің түлегі, хиджама мамандығы бойынша сертификатталған жас маман қазіргі таңда қалалық ауруханада психиатр болып еңбек етіп жүр.

«Жыл үздігі» жастар сыйлығы байқауының басқа да қатысушылары марапатсыз қалмады. Алияр Жұмағалиев, Қанатбек Досымбек, Нұрбол Ахметбай, Перизат Тұралықова, Айнұр Адамбаева, Әділ Алмайдар, Гүлдана Қапалова, Шұғыла Сенбай, Сұлтан Асылбек, Азамат Жұмақанов, Махарбек Балаев, Гүлдана Дауылтаева, Мөлдір Алданазарова, Айгүл Азат Текелі қаласы әкімінің Алғыс хатын иеленді. Үздік жастарға қолдау көрсетіп, байқауға демеушілік еткен кәсіпкерлер Ертай Дүйсебаев, Сәкен Сандыбаев, Игорь Шацкий, Алтай Ақанұлы да алғысқа бөленді. Салтанатты жиын соңында қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.